ERG-дің қазақстандық және халықаралық активтерін негізгі акционерлер – Шухрат Ибрагимов пен Шахмұрат Мүтәліп өзара бөлісуі мүмкін. Бұл туралы Bloomberg агенттігі жазды. Алайда компания әзірге мұндай келіссөздердің жүріп жатқанын ресми түрде растаған жоқ.
Қазақстандағы темір кені, феррохром және алюминий кен орындарынан бөлек, ERG-дің Африка мен Бразилияда да активтері бар. Осы орайда, Ulysmedia.kz. тау-кен саласы шолушысы Данияр Серіковтың пікірін білген еді.
ERG РЕСЕЙ БАНКТЕРІ АЛДЫНДАҒЫ ҚАРЫЗДЫ ШҰҒЫЛ ӨТЕУІ КЕРЕК
Даниярдың ойынша, егер ERG-дің халықаралық және қазақстандық бизнесі шынымен екіге бөлініп, халықаралық активтер Шухрат Ибрагимовтың, ал Қазақстандағы бизнес Шахмұрат Мүтәліп пен мемлекеттің бақылауына өтсе, онда бұл Еуразиялық топтың шетелдегі күрделі активтерінен арылуына мүмкіндік береді.
- Меніңше, мұндай шешім қабылдаудың басты себептерінің бірі корпорацияның жалпы табысын арттыру, соның ішінде санкцияға іліккен ресейлік ВТБ және Сбербанк алдындағы миллиардтаған доллар қарызын жедел өтеу қажеттілігінен туындап отыр,- деді ол Ұлысмедиа тілшісіне.
КОНГОДАҒЫ ЖОБА ҚИЫНДЫҚТАРЫ
Данияр қазіргі таңда ERG-дің негізгі екі шетелдік бизнесі барына тоқталды. Оның бірі – Африкада, екіншісі – Бразилияда орналасқан. Африкадағы қызметінің басым бөлігі Конго Демократиялық Республикасында (КДР) кобальт пен мыс өндіруге бағытталған. Жергілікті ерекшеліктерге байланысты түрлі қиындықтарға қарамастан, бұл бизнес әлі де табыс әкелуі мүмкін. Алайда БАҚ мәліметінше, ERG 2009 жылдан бері Конгодағы жобаларға 9 миллиард доллардан астам инвестиция салған.
- Бұл қаржы әлі толық қайтарылған жоқ. Конгода бизнес жүргізу Қазақстанмен салыстырғанда әлдеқайда күрделі. Себебі Қазақстанда Еуразиялық топтың ықпалы мен лоббистік мүмкіндігі жоғары. Оның үстіне, Конгодағы активтерді сатып алған кездің өзінде-ақ ERG-ге қатысты көптеген сұрақ туындаған. Осы жылдар ішінде компанияның Конго үкіметімен қарым-қатынасы да күрделі болды, - дейді ол.
Сарапшы 2023 жылы ERG-ге тиесілі Boss Mining кенішінің жұмысы уақытша тоқтатылғанын айтты. Бұл шешім тек 2024 жылы ғана күшін жойған. Бұдан бөлек, жергілікті билік компанияның жергілікті өнім мен қызметтерді сатып алу саясатына қатысты да бірқатар талап қойған.
- 2025 жылдың басында Конго үкіметі кобальт экспортына уақытша тыйым салып, бұл шешім елдегі Еуразиялық топтың қызметіне де әсер етті. Ал сол жылы қыркүйекте Қазақстан басшылығы Конго президенті Феликс Чисекедимен келіссөз жүргізді. Соның нәтижесінде ERG Swanmines жобасы бойынша мемлекеттік Gecamines компаниясымен дауды реттеу туралы келісімге қол қойды. Ол үшін конголық компанияның жобадағы үлесі артты,- дейді Серіков.
Аталған дау 2023 жылы туындап, кейін Париждегі халықаралық арбитраждың қарауына берілген болатын. Reuters агенттігінің мәліметінше, бұл келіспеушілік Конгодағы бірқатар мыс және кобальт кен орындарын игеру жұмыстарының уақытша тоқтауына себеп болған.
ERG АКТИВТЕРІН АҚШ НЕ ҚЫТАЙ АЛУЫ МҮМКІН
Бұған дейін де ERG Конгодағы кәсіпорындарын сату мүмкіндігін қарастырған. Reuters агенттігінің мәліметінше, 2018 жылы компания Frontier кен орнын сатып, алдағы бірнеше жыл ішінде Конго Демократиялық Республикасынан (КДР) толық шығуды жоспарлаған. 2024 жылы Gecamines компаниясы Eurasian Resources Group-ке тиесілі мыс пен кобальт өндіретін үш активті сатып алуға дайын екенін мәлімдеді. Ал 2025 жылдың басында ERG бизнесті қайта құрылымдау аясында Мозамбиктегі активтерін сату және КДР-дегі кейбір пайдалы қазбаларды өндіруге берілген лицензияларын қайта қарау мүмкіндігін қарастырды.
Сарапшылардың пікірінше, КДР билігі ERG активтерін ұлттық меншікке өткізуі екіталай. Алайда елде табиғи ресурстарға қатысты мемлекеттік бақылау күшейіп, салық жүктемесі арта түседі деген болжам бар. Мәселен, жуырда Конгоның салық қызметі 3 миллиард доллар көлемінде салық төлемегені үшін швейцариялық Glencore компаниясының нысандарын жапқан.

Сурет Данияр Серіковтің жеке архивінен
- Қазіргі таңда Қытай мен АҚШ арасында дамушы елдердегі металл ресурстары үшін күрделі геосаяси бәсеке жүріп жатыр. Сондықтан ERG-дің Конгодағы активтерін ақыр соңында АҚШ немесе Қытай қолдайтын батыстық не қытайлық компаниялардың бірі сатып алуы ықтимал. Бұған дейін АҚШ-та швейцариялық Mercuria трейдері ERG-дің Конгодағы активтерін сатып алуы мүмкін деген болжам айтылған еді. Сонымен қатар осы компания ERG-дің Конгодағы мыс жобаларын дамытуға 100 миллион долларға дейін қаржы бөлуі мүмкін екені хабарланған. Сондықтан менің ойымша, Шухрат Ибрагимов Қазақстан үкіметінің және оның Батыстағы немесе Қытайдағы серіктестерінің саяси қолдауынсыз Конгода ұзақ уақыт дербес жұмыс істей алмайды, - дейді ол.
БРАЗИЛИЯДАҒЫ ЖОБА
Бразилиядағы жағдайға келсек, ERG BAMIN темір кені жобасына 4 миллиард долларға дейін инвестиция салды. Бұл жобада тек кенішті ғана емес, теміржол мен порт инфрақұрылымын да дамыту қажет. Ол үшін қомақты қосымша инвестиция керек. Ал дәл осы кезеңде ERG санкцияға іліккен ресейлік ВТБ мен Сбербанк алдындағы миллиардтаған доллар қарызын өтеуге мәжбүр. Сондықтан бұл жоба компания үшін тым қымбатқа түсіп отыр. Осы себепті қазіргі таңда BAMIN жобасын португалиялық Mota Engil компаниясына сату жоспарланып отыр.
- Осылайша, Африка мен Бразилиядағы шетелдік активтерді бөлу Еуразиялық топқа бірқатар артықшылық береді. Ең алдымен, компания бұдан былай өзі көтере алмайтын риск жоғары активтерден құтылады. Соның нәтижесінде Қазақстандағы ERG бизнесі осы жобалардан туындайтын шығындарды өтеуге қаржы жұмсамайды, - деп санайды Серіков.
ҚАЗАҚСТАНҒА ТИІМДІ ТҰСЫ
Сарапшы, компания миллиардтаған долларды қажет ететін шетелдегі ауқымды жобаларға күш пен қаражатты шашыратпай, Қазақстандағы және, мүмкін, көршілес елдердегі, мысалы Ауғанстандағы бизнесті дамытуға ден қоятынын алға тартты.
- Егер ERG Қазақстанға көбірек инвестиция салса, ел экономикасына тартылатын инвестиция көлемі артып, жаңа жұмыс орындары ашылады, сондай-ақ бюджетке түсетін салық түсімдері де көбейеді, - дейді.
Сарапшының ойынша, егер компанияның бас құрылымы тіркелген мекенжайын офшорлық Люксембургтен Қазақстанға, мысалы, Астана халықаралық қаржы орталығына (АХҚО) ауыстырса, бұл ERG-дің шетелдік мемлекеттердің ықпалын азайтып, қайталама санкциялар, шоттардың бұғатталуы немесе акциялар пакеттеріне қатысты шектеулер сияқты рисктерді төмендетуге мүмкіндік береді.
ERG КІМГЕ ТИЕСІЛІ?
Қазіргі таңда Қазақстан үкіметіне ERG акцияларының 40 пайызы тиесілі.
Ал 39,3 пайыздық үлесті мамыр айында Integra Construction KZ компаниясының иесі Шахмұрат Мүтәліп сатып алды. Ол бұған дейін олигарх Патох Шодиев пен марқұм Александр Машкевичтің мұрагерлеріне тиесілі болған үлестерді иеленді.
Осыдан кейін ERG-дің Қазақстандағы активтерін біріктіретін «Еуразиялық топ» ЖШС-нің бас директоры болып Құдрат Шәмиев тағайындалды. Ол – Шахмұрат Мүтәліптің сенімді серігі әрі Integra Construction KZ бақылау кеңесінің төрағасы.
Бұған дейін Қазақстан билігі ERG-дегі өз үлесін «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорына беруі мүмкін деген болжамдар айтылған еді.