Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов қазақстандықтарға қарбыз бен қауынды шілде айының соңына дейін алмауға кеңес берді. Оның айтуынша, дәл осы кезеңнен бастап бақша өнімдері табиғи жолмен пісіп, қосымша өсу стимуляторларын қажет етпейді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Вице-министрдің сөзінше, Қазақстанда бақша дақылдарын өсірудің бірнеше маусымы бар. Ең қауіпсіз кезең — қарбыз бен қауынның табиғи түрде пісетін шілде айының соңы мен қыркүйек аралығы.
НЕ ДЕДІ?
— Осы уақытта олар түрлі өсу стимуляторларынсыз және көп мөлшерде тыңайтқыш қолданбай-ақ табиғи жолмен піседі. Сондықтан сарапшы ретінде қазір, әсіресе балаларға, қарбыз жеуден әзірше бас тартуға кеңес беремін, — деді Азат Сұлтанов.
Сонымен қатар ол Қазақстанға әкелінетін импорттық көкөністер мен жемістер міндетті түрде фитосанитарлық бақылаудан өтетінін айтты.
Вице-министрдің сөзінше, мамандар өнімдерді зиянкестер мен түрлі аурулардың бар-жоғына тексереді. Осы тұрғыдан алғанда, импорттық өнімдер қауіпсіз деп есептеледі. Ал қарбыз бен басқа да өнімдердегі нитраттар мен химиялық заттардың мөлшерін бақылау санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің құзыретіне жататынын айтты.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда ерте піскен қарбыздарда нитрат шекті мөлшерден асып кеткенін жазған едік.