×
468.88
534.1
6.04
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
468.88
534.1
6.04

Шымкентте әскерге сүйреп әкетпек болған жігіт 3-қабаттан құлап кетті

Бүгін, 11:51
Шымкентте әскерге сүйреп әкетпек болған жігіт 3-қабаттан құлап кетті
Видеодан алынған кадр

Шымкентте әскерге шақыру кезінде болған оқиғадан кейін 23 жастағы жігіт ауыр жарақат алып, мүгедек болып қалуы мүмкін. Арман Хабибулла жеті күн бойы комада жатып, есін жиғанымен, бас сүйегіне зақым келген. Оның анасы арада үш ай өтсе де, оқиғаға қатысы бар адамдар жауапқа тартылмағанын айтып, әділдік сұрап отыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz

МӘН-ЖАЙ

Жанна Бәйдібекованың айтуынша, оқиға 11 мамыр күні түнде болған. Сол күні оның жалғыз ұлы ойынханаға кеткен. Арада біраз уақыт өткен соң анасына тұңғышының ауруханаға түскені туралы хабар жеткен. Кейін ол 23 жастағы жігіттің ғимараттың үшінші қабатынан құлағанын білген.

Әйелдің сөзінше, ұлын тәртіп сақшылары әскерге алып кету үшін күштеп әкетпек болған. Оның айтуынша, ойынханаға төрт полиция қызметкері келген. Олардың арасында учаскелік инспекторлар мен арнайы жасақ өкілдері болған.

– Олар бөлмелерді аралап, балаларды тексерген. Тергеу барысында олардың ойынханаға қандай мақсатпен келгенін, не себепті баламды әскерге алып кетеміз деп қорқытқанын түсінбедім. Неге оны мұндай жағдайға жеткізді?, – дейді Жанна Бәйдібекова.

Анасының айтуынша, құлағаннан кейін Арманның бас сүйегі, қабырғасы және қолы сынған. Дәрігерлер оған ота жасап, төрт күннен кейін ғана есін жиғызған. Алайда енді оның денсаулығына байланысты күрделі мәселелер туындап отыр. Жігітке мүгедектік рәсімдеуге қажетті құжаттарды жинау тапсырылған, ал алдағы уақытта басына тағы бір операция жасалуы мүмкін.

Жанна Бәйдібекова болған жағдайға полиция қызметкерлерін кінәлап, олардың әлі күнге дейін жауапқа тартылмағанына наразы. Оның айтуынша, құқық қорғау органдарына шағым түсіргелі бері тергеушілер бірнеше рет ауысқан, ал іс бойынша нақты жауап ала алмай отыр.

– Олар да заң алдында жауап беруі керек. Полиция қызметкері болғаны үшін кез келген әрекетке баруға болмайды. Қызметін асыра пайдалану деген осы емес пе? Тергеушіден нақты ақпарат ала алмадым. Бірде “ертең жауап аламыз” дейді, бірде басқа себеп айтады. Олар әлі жұмысын жалғастырып жүр, – дейді ол.

Арманның анасы бұл іске Ішкі істер министрлігінің араласуын сұрап отыр. Оның айтуынша, Шымкент полиция департаментінен әзірге нақты түсініктеме болмаған. Ал ведомство журналистердің сауалына жауап бермеген.

Назерке Еркінбекқызы