×
469.83
536.83
5.97
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
469.83
536.83
5.97

Қытай азаматтары Қазақстаннан екі тоннадан астам дизель отынын жасырын алып өтпек болған

Бүгін, 14:43
Қытай азаматтары Қазақстаннан екі тоннадан астам дизель отынын жасырын алып өтпек болған
ЖИ

Шығыс Қазақстан облысында Қытайға екі тоннадан астам дизель отынын заңсыз алып өтпек болған әрекеттің жолы кесілді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

МӘН-ЖАЙ

«Майқапшағай» кеден бекетінде қызметкерлер Қытай азаматтары тізгіндеген төрт автокөлікті тексерген. Тексеру барысында көліктерге жасырын қосымша жанармай бактары орнатылғаны анықталды. Осылайша, шетелдіктер Қазақстаннан жалпы көлемі 2 640 литр дизель отынын алып шықпақ болған.

Мемлекеттік кірістер департаментінің мәліметінше, бұл жағдай заңда көзделген ешбір ерекшелікке жатпайды. Себебі тасымалданған отын гуманитарлық көмек те, ғылыми зерттеуге арналған үлгі де емес, сондай-ақ көліктің зауыттан орнатылған стандартты жанармай багында болмаған.

Қытайдың төрт азаматының барлығы әкімшілік жауапкершілікке тартылып, әрқайсысына 32 мың теңге көлемінде айыппұл салынды. Жиналған материалдар Шығыс Қазақстан облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментіне жолданды.

ТЫЙЫМ ӘЛІ КҮШІНДЕ

Мемлекеттік кірістер департаменті Қазақстанда жанармайды шетелге шығаруға қатысты шектеулер қолданыста екенін еске салды. 2026 жылғы 21 қарашаға дейін автомобиль көлігімен бензинді, дизель отынын және мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін, соның ішінде ЕАЭО елдеріне де шығаруға тыйым салынған.

Сонымен қатар 31 желтоқсанға дейін Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан тыс жерлерге жеңіл дистилляттарды, авиациялық керосинді, дизель отынын, газойльдерді, толуолды, ксилолды және мұнай битумын экспорттауға да тыйым салынған.