×
476.07
541.86
6.08
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
476.07
541.86
6.08

Испания мен Францияны алапат орман өрті шарпыды

Бүгін, 10:04
Испания мен Францияны алапат орман өрті шарпыды
Reuters

Еуропаның бірнеше елінде орман өрті өршіп тұр. Әсіресе Испания мен Франциядағы жағдай күрделі. Қауіпті аймақтардан шамамен 80 мың адам қауіпсіз жерге көшірілді. Испания төтенше жағдай жарияласа, Франция өртті ауыздықтау үшін халықаралық көмекке жүгінді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Испанияда төтенше жағдай жарияланды

DW мәліметінше, Мадрид маңындағы орман алқаптарын өрт шарпығаннан кейін Испания билігі төтенше жағдай режимін енгізді. Елді мекендерден шамамен 20 мың адам эвакуацияланды.

Кейінгі бірнеше күнде өрт 125 мың гектарға жуық өсімдік жамылғысын жойған. Өрттің шығу себептері әзірге анықталып жатыр.

Испания премьер-министрі Педро Санчес елдегі ахуалды аса күрделі деп бағалап, үй-жайын тастап шығуға мәжбүр болған тұрғындарға қолдау білдірді.

Францияда 60 мыңнан аса адам көшірілді

Францияның оңтүстігінде де жағдай мәз емес. Ірі орман өрттеріне байланысты 60 мыңнан аса адам қауіпсіз жерге шығарылды.

Оның 40 мыңға жуығы Жиронда департаментінен, тағы 23 мыңы Ланды департаментінен эвакуацияланған.

Франция президенті Эмманюэль Макронның айтуынша, Еуроодақтың азаматтық қорғау тетігі аясында Хорватия, Португалия, Чехия және Словакия көмек жіберген. Бұл елдер өрт сөндіруге арналған ұшақтар мен тікұшақтар бөлді.

Өртті әзірге ауыздықтау мүмкін болмай тұр

Францияның Қорғаныс министрлігі бір рейсте 20 тоннаға дейін су тастай алатын Airbus A400M әскери-көлік ұшағын да іске қоспақ. Ұшақ алдағы он күн ішінде өрт сөндіру жұмыстарына қосылады деп жоспарланып отыр.

Макронның сөзінше, ең күрделі жағдай ең ірі өрт ошағы орналасқан Жиронда департаментінде сақталып отыр. Бұдан бөлек, Марсель маңы мен Францияның Атлант мұхиты жағалауында да ірі өрттер әлі басылған жоқ.