×
476.07
541.86
6.08
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
476.07
541.86
6.08

Грузия тағы да жарықсыз қалды

Бүгін, 15:22
Грузия тағы да жарықсыз қалды

Грузия тағы да жарықсыз қалды. Бұл - кейінгі екі күнде болған екінші жағдай, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мән-жай

Жергілікті уақыт бойынша шамамен сағат 08:00-де елдің электр жүйесінде тағы да ақау шыққан. Тбилиси, Батуми, Кутаиси және тағы бірнеше қалада жарық өшті.

Елордада жарықтың жаппай сөнуіне байланысты метроның жұмысы тоқтап, елдің батысында пойыздар жүрмей қалды. Қаланың кейбір бөлігінде сорғы станциялары істен шығып, тұрғындар сусыз қалды. Мобильді интернет те жұмыс істемей қалған.

Электр қуатын қалпына келтіру жұмыстары бірден басталған. Тбилисидің кей аудандарына жарық жарты сағаттан кейін қайта берілді. Алайда елдің энергетика саласының мамандары жаңа апат неден болғанын әзірге түсіндірген жоқ.

Бұған дейінгі апат 24 шілдеге қараған түні болды және оның салдары әлдеқайда күрделі еді. Ол кезде ірі қалалармен қатар Телави, Кобулети және өзге де елді мекендер жарықсыз қалған.

Кейбір өңірлерде мобильді байланыс пен интернет істемей, бағдаршамдар да өшіп қалған. Электр қуатын қалпына келтіру жұмыстары түні бойы жалғасқан.

Кейін Грузияның энергетика және сумен жабдықтау саласын реттейтін мекемесі шұғыл жиын өткізіп, тексеру бастаған. Алайда билік алғашқы жаппай жарық өшуінің нақты себебін әлі де ресми түрде жариялаған жоқ.

Апат Грузия мен Түркия арасындағы электр желісінде болған деген болжам айтылды. Бірақ елдің энергетикалық жүйесі бұл ақпаратты жоққа шығарды. Ингури су электр станциясының басшылығы да станцияда ешқандай ақау болмағанын мәлімдеді.

Абхазия да жарықсыз қалды

24 шілдеге қараған түні Абхазияның бүкіл аумағында да электр қуаты өшкен. Жергілікті тарап бұған Кавказдағы ең ірі су электр станцияларының бірі саналатын Ингури ГЭС-індегі апат себеп болғанын хабарлады.

Абхазияда электр қуаты түнгі сағат үш шамасында толық қалпына келтірілді.

Айта кетейік, грузин-абхаз қақтығысынан кейін Ингури ГЭС-і екі тараптың бақылауындағы аумақтарға бөлінген. Станция бөгеті Грузия бақылауындағы жерде орналасса, басқару тетігі Абхазия аумағында тұр.

Станцияның барлық акциясы Грузия мемлекетіне тиесілі. Ал өндірілетін электр қуаты келісім бойынша бөлінеді: оның 60 пайызы Грузияға, 40 пайызы Абхазияға беріледі.