×
476.07
541.86
6.08
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
476.07
541.86
6.08

Андрей Сибига: Тоқаевтың Путинге айтқан сөзі - дер кезінде жасалған маңызды үндеу

Бүгін, 12:59
Андрей Сибига: Тоқаевтың Путинге айтқан сөзі - дер кезінде жасалған маңызды үндеу
Ulysmedia.kz коллажы

Украинаның сыртқы істер министрі Андрей Сибига Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ресей президенті Владимир Путинге соғысты уақытша тоқтату туралы пікірін қолдады. Ол бұл ұсынысты «дер кезінде айтылған және дана үндеу» деп бағалады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мән-жай

Сибига әлеуметтік желідегі жазбасында Тоқаевтың мәлімдемесін жоғары бағалайтынын айтып, жағдайды ескерген ұстаным екенін жеткізді.

«Президент Тоқаевтың Путинге соғысты тоқтататын уақыт келгенін айтуын жоғары бағалаймыз. Бұл – жағдайды ескерген, дер кезінде айтылған және дана үндеу», – деді Украина СІМ басшысы.

Оның айтуынша, Украина қазіргі майдан шебі бойынша атысты тоқтатып, дипломатиялық келіссөздерге көшуге дайын екенін бірнеше рет мәлімдеген. Алайда, Сибиганың сөзінше, Кремль бұл ұсынысты қабылдамай отыр. Сондай-ақ, ол Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Қазақстан Президентінің ұсынысын да жоққа шығарғанын атап өтті.

Жазбасының аяғында Украина сыртқы істер министрі Мәскеуге халықаралық қысымды күшейту қажетін айтты.

«Мәскеу бейбітшілік ұсыныстарын қабылдауы үшін оған қысым күшеюі керек», – деп мәлімдеді Андрей Сибига.

Тоқаев не ұсынды?

Қасым-Жомарт Тоқаев Омбыда Владимир Путинмен кездесуі кезінде қақтығысты уақытша тоқтатып, келіссөз үстеліне қайта оралу мүмкіндігін қарастыратын кез келгенін айтты.

«Бұл қақтығыстың табиғаты көпшілікке, оның ішінде бізге де толық түсінікті емес. Мәселен, Әзербайжан мен Армения арасындағы, оның ішінде ұзақ уақыт бойы шешілмей келген қақтығыстың себептері мен шығу тарихы бізге түсінікті еді. Оның тамыры тереңде жатыр. Ал бұл жағдайдың мәнін түсіну өте қиын», – деді Қазақстан Президенті.

Тоқаев бұған дейінгі келіссөздерде тараптар едәуір ілгерілегенін атап өтіп, «Ыстамбұл формуласы 2.0» негізінде диалогты қайта жандандыруды ұсынды.

Кремль бұған қалай жауап берді?

Кейін Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Путиннің Тоқаевқа Украинадағы жағдай туралы егжей-тегжейлі айтып бергенін мәлімдеді. Оның сөзінше, Киевтің қазіргі ұстанымын ескерсек, қақтығысты тоқтата тұру мүмкін емес. Песков Ресей үшін басты шарт – алға қойған мақсаттарына жету екенін айтты.

Песковтың айтуынша, Ресей бұдан екі жыл бұрын Сыртқы істер министрлігі жариялаған бітім шарттарын әлі де күшінде деп есептейді.

Сонымен қатар, ол Украина билігі тиісті шешім қабылдаған жағдайда, соғыс қимылдары «сол күннің аяғына дейін-ақ» тоқтауы мүмкін деген Мәскеудің пікірін жеткізді.