×
476.07
541.86
6.08
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
476.07
541.86
6.08

Қазақстанда смартфон сату тәртібі өзгереді: не белгілі?

Бүгін, 14:52
Қазақстанда смартфон сату тәртібі өзгереді: не белгілі?

Қазақстанда ұялы телефон сату тәртібі өзгереді. Енді сатушылар тексеруден өтпеген құрылғыларды сата алмайды. Ал сатып алушы мұндай телефонды алып қойған жағдайда, оны кері қайтарып, ақшасын алуға құқылы, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Сауда және интеграция министрлігі Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің мәліметінше, тиісті өзгерістер телекоммуникация нарығын дамыту және тұтынушылардың құқығын қорғау туралы заңға енгізілген.

Сатып алушылар нені білуі керек?

Егер сатып алынған телефонның тексеруден өтпегені анықталса, ол сапасыз тауар деп есептеледі. Мұндай жағдайда сатып алушы сатушыдан:

  • ақшасын қайтаруды;
  • телефонды ауыстыруды;
  • құнын қайта есептей отырып, басқа үлгіге алмастыруды;
  • бағасын төмендетуді;
  • ақауын тегін жөндеуді немесе жөндеуге кеткен шығынды өтеуді талап ете алады.

Өтініш телефон сатып алынған сатушыға берілуі керек.

Сатушыларға қандай міндет жүктеледі?

Сатушы құрылғыны саудаға шығармас бұрын оның тексеруден өткенін және бұғатталмағанын анықтауға міндетті. Сондай-ақ, сатып алушыға телефонның IMEI-кодын беріп, оны чекке немесе сатып алуды растайтын басқа құжатқа жазуы қажет.

Тексеруден өтпеген телефондарды дүкендерде де, интернет арқылы да сатуға тыйым салынады.

Телефонды тексеру деген не?

Бұл - құрылғының Қазақстанға заңды түрде әкелінгенін немесе ел аумағында өндірілгенін, сондай-ақ, оның IMEI-коды халықаралық GSMA дерекқорында бар екенін анықтау үдерісі.

Жаңа талаптар заңсыз әкелінген телефондардың сатылымын азайтуға және ұрланған немесе қолдан жасалған смартфондарды пайдалануды шектеуге бағытталған.

Жаңа ережелер 2026 жылғы 19 тамыздан бастап күшіне енеді.