Қазақстанда шілденің соңғы күндері күн ыстық болады. Кей жерлерде ауа температурасы +44 градусқа дейін көтеріледі. Сонымен қатар елдің бір бөлігінде жаңбыр, найзағай және бұршақ болжанып отыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ҚАЙ ӨҢІРЛЕРДЕ ЖАҢБЫР ЖАУАДЫ
Қазгидрометтің болжамынша, 30 шілде мен 1 тамыз аралығында Қазақстанның басым бөлігінде өткінші жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Кей жерлерде жел күшейіп, бұршақ түсуі мүмкін. Қатты жаңбыр елдің солтүстік-батысында, солтүстігінде және шығысында күтіледі.
Ал оңтүстік пен оңтүстік-шығыс өңірлерге жауын-шашын жетпейді. Бұл аймақтарда Иран жақтан келетін құрғақ әрі ыстық ауа массасының әсерінен аптап ыстық сақталады.
ЫСТЫҚ БАСЫЛМАЙДЫ
Қазақстанның басым бөлігінде ауа температурасы жоғарылай береді. Орталық, шығыс және оңтүстік-шығыс өңірлерде ауа +33…+41 градусқа дейін қызса, оңтүстікте +35…+44 градусқа дейін көтеріледі.
Батыс, солтүстік-батыс және солтүстік өңірлерде ыстықтан кейін аздап жеңілдік болады. 1 тамызда бұл аймақтарда күн салқындап, күндізгі температура +25…+35 градус шамасында болады.