Түркияда 2016 жылғы 15 шілдедегі оқиғалар кезінде президент Режеп Тайып Ердоғанға қастандық жасау әрекетіне қатысқан күдіктілердің бірі ұсталды. Бұл туралы елдің Ішкі істер министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Мән-жай
Ведомство мәліметінше, ұсталған адам FETÖ террористік ұйымының 37 жақтасынан құралған топтың құрамында болған.
Мемлекеттік төңкеріс жасау әрекеті болған күні олар Мармарис провинциясына барған. Тергеу нұсқасы бойынша, сол жерде мемлекет басшысына қастандық жасау жоспары әзірленген.
Күдікті Интерполдың қызыл циркуляры бойынша халықаралық іздеуде жүрген.
Операция 1 тамызда таңертең Афьонкарахисар провинциясында жүргізілді.
Ер адам ұзақ іздестіруден кейін ұсталды.
FETÖ деген не?
FETÖ* - Түркия билігі ислам уағызшысы Фетхуллах Гүлен негізін қалаған «Хизмет» діни-қоғамдық қозғалысының жақтастарына қатысты қолданатын ресми атау.
Бұл қозғалыс 2016 жылғы мамырда Түркияда террористік ұйым деп танылды.
Анкараның пайымдауынша, Гүленнің жақтастары білім беру, қайырымдылық және бұқаралық ақпарат құралдары саласында кең ауқымды ұйымдар желісін құрған. Сол арқылы олар жылдар бойы әскерге, полицияға, сот жүйесіне және басқа да мемлекеттік құрылымдарға енген.
Түркия билігінің нұсқасы бойынша, 2016 жылғы 15 шілдеден 16 шілдеге қараған түні болған мемлекеттік төңкеріс әрекетінің артында дәл осы желі тұрған.
Ресми мәліметке сәйкес, бүлік кезінде танктер мен әскери ұшақтар пайдаланылған.
Қақтығыстар салдарынан 251 адам қаза тауып, екі мыңнан астам адам жараланған.
Қозғалыстың негізін қалаған Фетхуллах Гүлен 1999 жылдан бері АҚШ-та тұрған. Ол 2024 жылғы қазанда қайтыс болды.
Көзі тірісінде ол терроризмге қатысты айыптауларды мойындамай, төңкеріс әрекетіне қатысы барын жоққа шығарған.
Түркияда FETÖ ұйымына толық тыйым салынған.
Қозғалыспен байланысты мектептер, университеттер, бұқаралық ақпарат құралдары мен қорлар жабылған немесе мемлекет меншігіне алынған. Құқық қорғау органдары күдіктілерді ұстау операцияларын әлі де тұрақты түрде жүргізіп келеді.