×
$
473.59
544.68
5.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
473.59
544.68
5.94

Шулы іске аты іліккен полковниктің орнына жаңа басшы тағайындалды

Бүгін, 15:01
Шулы іске аты іліккен полковниктің орнына жаңа басшы тағайындалды
Ulysmedia коллажы

ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитетінің төрағасы қызметіне Абай Жүсіпов тағайындалды. Бұған дейін бұл лауазымды қазіргі уақытта Астанада соты өтіп жатқан Данияр Мейірхан атқарған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

КОМИТЕТТІ КІМ БАСҚАРАДЫ?

ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті басшылығының ауысқанын растады. Комитеттің жаңа төрағасы болып ішкі істер органдарында 20 жылдан астам еңбек еткен Абай Жүсіпов тағайындалды.

Ол Қызылорда облысында дүниеге келген. М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетін және Қазақ гуманитарлық-заң университетін тәмамдаған.

Еңбек жолын 2003 жылы жедел қызметкер ретінде бастаған. Әр жылдары Түркістан облысы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары, ІІМ Экстремизмге қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы, сондай-ақ Ақтөбе және Солтүстік Қазақстан облыстары полиция департаменттерінің бастығы қызметтерін атқарған.

Жаңа қызметте ол қоғамда дау тудырған бұрынғы комитет төрағасы Данияр Мейірханның орнын басты.

ЖАБЫҚ СОТ ЖӘНЕ АТЫ ШУЛЫ ІС

Данияр Мейірханға қатысты дау 2026 жылдың сәуір айында Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті қызметкерлерінің шағымдары туралы ақпарат тарағаннан кейін өршіді.

Сол кезде ІІМ аталған дерек бойынша материал тіркелгенін, қызметтік тексеру басталғанын және полковниктің қызметінен уақытша шеттетілгенін растаған еді.

Мамыр айында Астананың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында іс жабық режимде қарала бастады.

Бұған дейін Мейірханның адвокаты Әлия Жаманбаева оған тағылған сексуалдық сипаттағы тиісу айыбы бойынша қылмыстық қудалау тоқтатылғанын мәлімдеген еді. Соған қарамастан, Астананың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында іс қаралуын жалғастырып жатыр.

Қорғаушы тарап ұжымдық шағымдар туралы ақпараттың шындыққа жанаспайтынын айтып, қылмыстық істің тапсырыспен қозғалғанын және оның қорғауындағы азаматтың кәсіби қызметімен байланысты екенін алға тартып отыр.

КОНТЕКСТ

Бұл Данияр Мейірханның қызмет жолындағы алғашқы даулы жағдай емес.

2022 жылы ол қымбат автокөлікке қатысты іс бойынша өз бетінше билік ету және алаяқтық күдігімен ұсталған болатын. Кейін қылмыстық іс тоқтатылып, сот оның ұсталуын заңсыз деп таныды. Осыдан кейін Мейірхан өтемақы өндіріп алды.

2023 жылы оның қарамағындағы қызметкердің пара алды деген күдікпен ұсталуынан кейін жүргізілген тәртіптік тексерудің нәтижесінде Мейірхан Шымкент қаласы патрульдік полиция полкі командирі қызметінен босатылды.

2025 жылдың қыркүйегінде ол ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитетінің төрағасы болып тағайындалғанымен, бір жылға жетпей қызметінен шеттетілді.

Қазіргі уақытта өтіп жатқан сот процесі мен өзіне қатысты айыптауларға байланысты Данияр Мейірхан ешқандай пікір білдірген жоқ.