×
$
455
€
498.77
₽
5.56
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
455
€
498.77
₽
5.56

GTA 6 бір тәулікте 3,79 миллиард доллар табыс тауып, рекорд орнатты

Бүгін, 09:28
GTA 6 бір тәулікте 3,79 миллиард доллар табыс тауып, рекорд орнатты
Bloomberg

Көптен күткен Grand Theft Auto VI ойыны жарыққа шыққан алғашқы тәулікте-ақ ойын индустриясында рекорд орнатты. Rockstar Games компаниясының мәліметінше, GTA-ның жаңа нұсқасының сатылымынан түскен табыс 3,79 миллиард долларға жеткен. Жанкүйерлері 13 жыл бойы күткен ойын алдыңғы бөлімнің жетістігін басып озып, ойын-сауық индустриясы тарихындағы ең табысты жобалардың біріне айналды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Rockstar Games компаниясы 20 қарашада, ойын ресми түрде жарыққа шыққаннан бір күн өткен соң, сатылым бойынша рекорд орнатылғанын мәлімдеді. Әзірлеушілердің есебінше, GTA VI алғашқы тәулікте 3,79 миллиард доллар табыс әкелген.

Ойын шықпай тұрып-ақ оны сатып алуға шамамен 32,5 миллион алдын ала тапсырыс берілген. Компания өкілдері жаңа ойынға зор қызығушылық танытқан жанкүйерлеріне алғыс айтты.

«Әлемнің түкпір-түкпіріндегі ойыншылардың ыстық ықыласы бізді ерекше толқытты. Осындай тарихи сәттің қуанышын сіздермен бірге бөліскенімізге шексіз қуаныштымыз», – деді Rockstar Games президенті Сэм Хаузер.

GTA VI алдыңғы бөлімнің рекордын жаңартты

Ойынның бұған дейінгі бөлімі 2013 жылы жарыққа шығып, сол кезде де рекорд орнатқан еді. GTA V алғашқы үш күнде шамамен бір миллиард доллар табыс тапқан. Ал алтыншы бөлім бұл көрсеткіштен небәрі бір тәулікте асып түсті.

Соған қарамастан, GTA V әлі күнге дейін әлемдегі ең көп сатылған ойындардың бірі саналады. Take-Two Interactive компаниясының мәліметінше, оның 230 миллионнан астам данасы сатылған. Ал Grand Theft Auto сериясындағы барлық ойындардың жалпы сатылымы 470 миллион данаға жеткен.

Ойыншылар GTA VI-ны алдын ала жүктей бастаған

GTA VI ойынына қызығушылық ол жарыққа шықпай тұрып-ақ жоғары болды. AFP агенттігінің мәліметінше, жаңа ойын PlayStation Store цифрлық дүкенінде алдын ала тапсырыс беру көрсеткіші бойынша рекорд орнатқан.

Ойын шыққан күні серверлерге шамадан тыс жүктеме түспеуі үшін консоль пайдаланушыларына оны тоғыз күн бұрын жүктеп алуға мүмкіндік берілген.

Ал GTA VI ойынының компьютерге арналған нұсқасы қашан шығатыны әзірге белгісіз.

Оқиға жанкүйерлерге таныс қалада өрбиді

GTA VI ойынындағы оқиғалар АҚШ-тың Майами қаласына ұқсатып жасалған ойдан шығарылған Вайс-Сити қаласында және Леонида штатында өтеді.

Ойынның басты кейіпкерлері – Люсия Каминос пен Джейсон Дюваль. Екеуі өмірін өзгерткісі келгенімен, тосыннан қылмыс әлеміне тап болады.

Әзірлеушілер GTA жанкүйерлеріне бұрыннан таныс ерекшеліктерді сақтап қалған. Ойыншылар еркін аралай алатын үлкен әлем, көлікпен қуғын-сүргін, тонау мен атыс-шабыс жаңа бөлімде де бар.

Дегенмен бұл жолы басты кейіпкерлердің қарым-қатынасына, олардың тағдыры мен жеке өміріндегі оқиғаларға көбірек мән берілген.

Сізге қызық болуы мүмкін