×
$
471.98
543.39
5.82
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
471.98
543.39
5.82

Алматыдағы автогаз тапшылығы: Энергетика министрлігі жағдайды түсіндірді

Бүгін, 17:06
Алматыдағы автогаз тапшылығы: Энергетика министрлігі жағдайды түсіндірді
yandex.ru

Алматы тұрғындарының автогаз тапшылығына қатысты шағымы Энергетика министрлігіне жетті. Ведомство ресурстың тапшылығы жоқ екенін мәлімдеп, жағдайды тұрақтандыру үшін қалаға қосымша 1,5 мың тоннадан астам сұйытылған мұнай газын бөлді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мән-жай

Кейінгі күндері Алматы тұрғындары әлеуметтік желілер мен Telegram-арналарда автогаз сатып алуда қиындықтарға тап болғанын жаппай жаза бастады. Олардың айтуынша, кейбір автогаз құю станцияларында бірнеше күн бойы отын болмаған.

Бұған жауап ретінде Энергетика министрлігі өңірлерді жергілікті атқарушы органдардың өтініштеріне сәйкес сұйытылған мұнай газымен қамтамасыз ететінін мәлімдеді.

Тамыз айында Алматы үшін 6 478 тонна сұйытылған мұнай газы қарастырылған. Министрліктің мәліметінше, бұл көлем қалалық әкімдіктің өтінішіне сәйкес толық бөлінген.

Алайда туындаған мәселелерге байланысты 4 тамызда министрлік Алматыға қосымша 1 512 тонна сұйытылған мұнай газын жөнелтті. Отынды тиеп-жөнелту жұмыстары өндіруші зауыттар және «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-мен бірлесіп ұйымдастырылған.

Мәселе қашан шешіледі

Алматының кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының мәліметінше, қалада автогаз сатумен 14 компания айналысады. Қазір олардың тек біреуінде уақытша жеткізілім болмай тұр. Оның жеткізілімін екі күн ішінде қайта бастау жоспарланған.

Қалған жеткізушілер штаттық режимде жұмыс істеп жатыр.

Сондай-ақ ведомство жекелеген автогаз құю станцияларында отын жеткізілімі арасындағы кезеңде қысқа мерзімді үзілістер болуы мүмкін екенін ескертті.

Газ желісі ұйымдарының мәліметінше, алдағы екі-үш күн ішінде нарық қажетті көлеммен толықтырылады. Осыдан кейін автогазбен қамтамасыз етуде қиындықтар болмайды.