Қаза тапқан фельдшер Ұлдана Мырзуанның күйеуі Әділет Зейнел марқұм әйелінің анасы қылмыстық іс бойынша жәбірленуші мәртебесінен бас тартуды талап еткеніне қатысты алғаш рет пікір білдірді. Қоғамда қызу талқыланған жағдайға қарамастан, ол істі соңына дейін жеткізетінін айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
«Жәбірленуші мәртебесінен бас тартпаймын»
Әділет Зейнел сұхбат кезінде жәбірленуші мәртебесінен бас тартпайтынын мәлімдеді.
– Иә, мен осы мәртебеде қаламын. Бұл істі бастаған соң, соңына дейін жеткізгім келеді. Барлық жерге өзім барып, осының бәрін өзім бастадым. Енді соңына дейін жеткізгім келеді. Қазақта «бастаған істі аяқта» деген сөз бар ғой. Егер ертең бас тартсам, «Екінші отбасын құрды, енді бәрінен бас тартып жатыр» деп айтады. Бұл хейттің тағы бір толқынына ұласады. Мен ондайды қаламаймын, – деді ол.
Әділет сұхбатқа анасымен бірге келген. Эльза Ерманованың айтуынша, келіні қайтыс болғаннан кейін ұлы бірнеше ай бойы ауыр психологиялық жағдайды бастан өткерген. Жұмысқа бармай, үйден де көп шықпаған.
Оның сөзінше, отбасы Әділеттің осы қиын кезеңнен өтіп, қалыпты өміріне оралғанын қалаған.
– Біз Әділеттің тезірек есін жиып, адамдармен араласып, жақсы адаммен танысқанын қаладық. Әркімнің бақытты болуға құқығы бар. Заңның еш жерінде «бір жыл күту керек» деп жазылмаған. Мен үшін ең бастысы – баламды тірі, күліп, бақытты күйде көру болды, – деді Эльза Ерманова.
Ұлдана қайтыс болғаннан кейінгі қаржылық даулар
Желіде Әділеттің сегіз айдан кейін қайта үйленгені ғана емес, оның қазіргі жарының кім екені де қызу талқыланды. Әлеуметтік желіде оның қазіргі әйелі марқұм Ұлдананың әріптесі әрі жақын құрбысы болған деген ақпарат тараған. Сонымен қатар оның қайғылы жағдайдан көп ұзамай жүкті болғаны туралы қауесет те айтылды.
– Біз сәуірдің соңында, мамыр айында араласа бастадық. Ол да жұмыс істейтін. Жұрттың бәрі «Ұлдананың құрбысы еді» деп жазып жатыр. Бірақ ол Ұлдананың құрбысы болған жоқ. Екі жыл бойы бірге жұмыс істегенімен, олар бір-ақ рет бірге бір ауысымға шыққан. Бір ұйымда жұмыс істеді, бірақ құрбы ретінде бірге қыдырып, араласқан емес. Біз сәуір айынан бастап араласа бастадық. Сөйтіп, бәрі осылай өрбіді... Қазір жадырап жүргенім – анамның, Алланың және оның арқасы. Ол маған жаңа өмір сыйлады, – деді Әділет.
Ол қазіргі әйелінің жүкті болғаны туралы сұраққа нақты жауап бермеді. Дегенмен балалы болса, қуанатынын айтты.
Әлеуметтік желіде қызу талқыланған тағы бір мәселе – Әділеттің отбасы мен Ұлдананың ата-анасы арасындағы қаржыға қатысты дау. Желіде Әділет марқұмның зейнетақы жинағын және әйелі қайтыс болғаннан кейін берілген 20 млн теңгені өзіне алып қалған деген ақпарат тарады.
Бұл мәселеге сұхбат кезінде Әділеттің өзі емес, анасы жауап берді.
– Ұлдананың отбасы көліктен бас тартуымызды өтінді, біз оны оларға бердік. Ал олар зейнетақы жинағынан бас тартты. Оның көлемі де аса көп емес – 2 млн 300 мың теңге. Ресми түрде ешқандай өтемақы болған жоқ. Әкімдік берген 20 млн теңге де өтемақы емес, халықтың жерлеу рәсіміне деп жинаған «батасы» еді. Осы қаражаттың шамамен 10 млн теңгесі Ұлдананың автокредитінің қалған бөлігін толық өтеуге жұмсалды. Кейін көлік кепілден шығарылып, оның ата-анасына берілді. Сонымен қатар Әділет Ұлдананың ата-анасы қыз ұзатуға несие алғанын еске салды. Сол 20 млн теңгенің ішінен оның анасына 3,9 млн теңге аударылған. Әділет 1,1 млн теңге, ал оның әпкесіне тағы 1,34 млн теңге аударған. Қырқына дейін апта сайын ас беріп, құдайы тамақ өткіздік. Бұл ақшаны екі отбасы да жеке қажетіне жұмсамады. Барлығы Ұлданаға қатысты шығындарға жұмсалды, – деп түсіндірді Эльза Ерманова.
Сонымен қатар әлеуметтік желіде марқұмның отбасы мемлекеттен баспана беруді талап етті деген ақпарат тарады. Әділет Зейнел мұны жоққа шығарды.
Бұған дейін
Бұған дейін қаза тапқан фельдшердің анасы Сәлима Ешанқұлова видеоүндеу жариялап, бұрынғы күйеу баласының қызының өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша жәбірленуші мәртебесінен бас тартқанын қалайтынын айтқан.
Сонымен қатар ол мүлікті бөлу мәселесін де көтерді. Әйелдің сөзінше, Ұлдананың көлігі бірнеше ай бойы Әділеттің қолында болған және отбасыға тек биыл шілдеде қайтарылған. Ол қызының зейнетақы жинағын заң бойынша күйеуі алғанын да атап өтті.
Әділеттің Ұлдана қайтыс болғаннан кейін сегіз ай өткен соң қайта үйленгені белгілі болғаннан кейін әлеуметтік желіде қызу талқылау басталды.
Қолданушылар бұл шешімнің моральдық жағын талқылап жатыр. Бір тарап марқұмның күйеуі жаңа өмір бастауға құқылы екенін айтса, енді бірі оның жаңа некеге тұруға асыққанын айтып, марқұмның ата-анасының ұстанымын қолдады.
Еске салайық, 23 жастағы фельдшер Ұлдана Мырзуан 2025 жылдың қарашасында Астанада қызметтік міндетін атқарып жүрген кезінде үстіне кондиционер құлап, қаза тапқан. Оның өліміне қатысты қылмыстық іс тергеліп жатыр.