Астанада бірнеше үйдің тұрғындары кешкі уақытта көшеге шықты. Бұған олардың тұрғын үй кешенінің маңында құрылыс қоршауының пайда болуы себеп болған. Тұрғындардың айтуынша, қоршаумен бірге үйлеріне апаратын негізгі жол да жабылған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Құрылыс туралы соңғы сәтте білген
Нұра ауданындағы А. Бектұров көшесі, 17, 17/1, 17/2 және 17/3 үйлердің тұрғындары құрылыс басталғанына наразылық білдіріп, кешкі уақытта көшеге шықты. Олар үйлеріне апаратын негізгі жолдың жабылып қалғанын айтып, қалыпты қатынасты қалпына келтіруді талап етті.
Олардың айтуынша, құрылыс жұмыстары басталатыны туралы алдын ала ешкім ескертпеген. Таңертең құрылыс компаниясы аумақты қоршай бастағаннан кейін тұрғындар дабыл қаққан.
– Ертең жедел жәрдем немесе өрт сөндіру көлігі келуі керек болса, олар қалай өтеді? Мұнда қарт адамдар көп тұрады. Мәселені шешуді сұраймыз. Үш жыл бойы біздің тұрғын үй кешеніміз пайдаланған жердің бір бөлігін қазір алып қойды. Бір жыл бұрын бұл жерге әкім келіп, футбол алаңы болады деген еді. Күзде жерді сатып жіберген, ал біз бұл туралы енді ғана біліп отырмыз. Бүгін құрылыс компаниясы аумақты қоршап тастады, сондықтан көшеге шықтық, – дейді ашынған тұрғындар.
Қоршаудың ар жағында тек жол емес, көлік қоятын орындар мен қоқыс контейнерлері де қалған. Енді оларға кіру мүмкін болмай отыр.
Жедел жәрдем қалай өтеді?
Үйлерге апаратын бір ғана жол қалған. Алайда ол мектеп жағынан орналасқан және тұрғындардың айтуынша, өте тар. Екі көлік бір уақытта қатар өте алмайды.
Тұрғындарды оқу жылы басталғаннан кейінгі жағдай да алаңдатып отыр. Өйткені мектептер маңында көлік саны артады.
– Біздің үйлерде қарттар, кішкентай балалар, ерекше қажеттілігі бар балалар, созылмалы аурулары бар адамдар тұрады. Тек кешкі уақытта тұрғын үй кешенімізге жедел жәрдем бес-алты рет келеді. Егер біреуге шұғыл медициналық көмек қажет болса, көліктің дер кезінде жете алмауы адам өміріне қауіп төндіруі мүмкін, – делінген тұрғындардың үндеуінде.
Тұрғындардың айтуынша, бұл жерде бизнес-орталық салынуы мүмкін. Алайда құрылыс туралы оларға нақты түсінік берілмеген.
Қала тұрғындары әкімдіктен, Бас прокуратурадан және Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінен мәселені шешуге араласуды сұрап отыр.
Тұрғындардың өтініші тіркеліп, тиісті органға жолданған.