Ақтауда 300-ге жуық отбасы бірнеше жылдан бері өздері заңсыз деп санайтын қарыздар, өндіріп алу шаралары мен мүлікке салынған тыйымдарға қарсы шығып жүр. Тұрғындардың айтуынша, кейбірі жалғыз баспанасынан айырылған, ал бірқатар әскери қызметшінің жалақысынан әлі күнге дейін ақша ұсталып келеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Мән-жайы
Lada.kz мәліметінше, тұрғындар болған жайттың бәрін жергілікті бір ер адамның әрекетімен байланыстырады. Олардың сөзінше, бұл оқиға 2017 жылы басталған және содан бері адамдарға 100 миллион теңгеден астам шығын келген.
Зардап шеккендердің айтуынша, осы адамның әрекетінен кейін жұрт сот дауларына араласып, өздері жалған деп есептейтін қарыздарды өтеуге мәжбүр болған.
Арызданушылардың қолында сырттай шығарылған сот шешімдері, жеке сот орындаушыларының мүлікке тыйым салу және ақша өндіру туралы қаулылары, құқық қорғау органдарының жауаптары және әлгі ер адамға қатысты бұрынғы сот үкімінің көшірмесі бар екенін айтады.
Алайда даулы қарыздардың нақты қалай пайда болғаны жарияланған үндеуде ашып айтылмаған.
Іс бірнеше рет тоқтатылған
Тұрғындар Маңғыстау облысының полициясына, прокуратурасына және әділет органдарына бірнеше рет жүгініп, істің тергелуіне қол жеткізуге тырысқанын айтады.
Олардың сөзінше, қылмыстық іс бірнеше рет тоқтатылған. Қазір іс қайтадан полиция өндірісінде, ал арызданушылар күдікке ілінген адамның тергеу изоляторында отырғанын мәлімдеді.
Дегенмен зардап шеккендер тергеу тым ұзаққа созылып кеткенін және бірнеше жыл өтсе де, мәселе түбегейлі шешілмегенін айтып отыр.
Президенттен көмек сұралды
Ақырында тұрғындар Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына ұжымдық үндеу жолдады. Оған қазір 50-ден астам адам қол қойған, қол жинау әлі жалғасып жатыр.
Олар Бас прокуратура, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет және ҰҚК өкілдері қатысатын жеке тексеру жүргізуді, сот шешімдері мен жеке сот орындаушылары әрекеттерінің заңдылығын анықтауды сұрап отыр.
Сондай-ақ, арызданушылар өздері жалған деп санайтын қарыздарды жоюды және заңсыз тәркіленді деп есептейтін мүліктерін қайтаруды талап етеді.