×
$
469.93
541.64
5.71
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
469.93
541.64
5.71

«Қора секілді»: Шымкентте ата-аналар 1 қыркүйек қарсаңындағы мектептің жағдайына наразы болды

Бүгін, 14:10
«Қора секілді»: Шымкентте ата-аналар 1 қыркүйек қарсаңындағы мектептің жағдайына наразы болды
Видео кадры

Шымкентте ата-аналар №40 мектептің қазіргі жағдайына алаңдап отыр. Әлеуметтік желіде бір әйел мектеп ғимаратының бүлінген сыртқы қабырғасын көрсетіп, 1 қыркүйекте балалардың дәл осы жерге келетінін айтып наразылық білдірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мән-жайы

Әйелдің айтуынша, мектептің сыртқы қаптамасының бір бөлігі опырылып түскен. Оның сөзінше, мектеп басшылығы қасбет өздігінен құлады деп түсіндірген.

«Егер қасбет құласа, директор жөндеу жүргізу үшін мемлекеттен қаражатты сұрауы керек. Мектеп емес, қора секілді», — деді әйел.

Пікір жазған жергілікті тұрғындар ғимараттың ішінде де жағдай мәз емесін айтып отыр.

Күрделі жөндеу 12 жыл бұрын жасалған

Мектеп әкімшілігінің мәліметінше, ғимаратқа кейінгі рет күрделі жөндеу 2014 жылы жүргізілген. Сол кезде терезе мен есіктер ауыстырылып, шатыр, қабырғалар және сыртқы бөлігі жөнделген.

Мәселе шыққаннан кейін мамандар ғимаратқа техникалық сараптама жүргізген. Сол қорытындының негізінде қазір жаңа жөндеуге арналған жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп жатыр.

Мектепті толық жөндеу тек 2027 жылға жоспарланған. Мекеме әкімшілігі жұмыс ғимараттың қазіргі техникалық жағдайын ескере отырып жүргізілетінін мәлімдеді. Соның ішінде қасбетті қалпына келтіру және басқа да қажет жөндеу жұмыстары қарастырылған.

Ал жаңа оқу жылына бір айға да жетпейтін уақыт қалды. 1 қыркүйекке дейін қасбеттің бүлінген бөлігі бөлек жөнделе ме және қазіргі күйінде ғимарат оқушылар үшін қауіпсіз бе - мектеп хабарламасында бұл жағы нақтыланбаған.