Павлодарда жаңа туған қызын сатуға әрекет жасаған әйел бес жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Мән-жай
Сотта анықталғандай, 2002 жылы туған Түркістан қаласының тұрғыны материалдық қиындықтарға байланысты әлі дүниеге келмеген баласын ақшаға сатуды жоспарлаған. Ол «ВКонтакте» әлеуметтік желісіндегі «Бала асырап алғым келеді» қауымдастығына хабарландыру жариялап, сатып алушы тауып, жаңа туған қызын 800 мың теңгеге сатуға келіскен.
2026 жылғы 28 наурызда әйел Павлодар облыстық №1 перинаталдық орталығында дені сау қыз баланы дүниеге әкелген.
Қала прокуратурасының үйлестіруімен жүргізілген жедел-іздестіру іс-шаралары мен жасырын тергеу әрекеттері барысында қылмыстық әрекет әшкереленді. Жедел шара кезінде сатып алушы рөлін атқарған адамға сериялық нөмірлері алдын ала тіркелген ақша берілген.
31 наурызда Павлодардағы пәтерлердің бірінде әйел жаңа туған нәрестені медициналық құжаттарымен бірге сатып алушыға тапсырған. Ол үшін 100 мың теңге сыйақы алған.
Сот үкімі
Павлодар қаласының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты әйелді ҚР Қылмыстық кодексінің 135-бабының 1-бөлігі («Кәмелетке толмағандар саудасы») бойынша кінәлі деп таныды. Оған қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіздік мекемесінде өтеумен бес жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Алайда Қылмыстық кодекстің 74-бабына сәйкес, жазаны өтеу бес жылға кейінге қалдырылды.