Алматыдағы Қайрат шағынауданының тұрғындарына жер телімдерін мемлекет қажетіне алу туралы хабарлама келген. Бұзылуы мүмкін үйлердің саны — 197. Олардың орнына жаңа жол салу жоспарланып отыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Мән-жай
КТК мәліметінше, тұрғындардың наразылығын тудырған негізгі мәселе — жер үшін ұсынылған өтемақы көлемі. Бір сотық жерге 6,4 млн теңге ұсынылған. Тұрғындардың айтуынша, нарықтағы баға бұдан екі есе жоғары.
Олар берілетін өтемақы басқа жерден осындай үй сатып алуға жетпей қала ма деп алаңдайды. Көп отбасы бұл ауданда жылдар бойы тұрып, оның дамуына өз қаражатын салған. Асфальт пен кәріз жүйесіне ақша төлеп, үйлері мен аулаларын абаттандырған.
Жергілікті тұрғын Вера Железняк коттеджді 16 жыл бұрын сатып алған. Жақында үйіне күрделі жөндеу жүргізген. Ауласында алма ағаштары мен жүзімнің бірнеше түрі өсіп тұр.
– Барлық терезені ауыстырдық, кафельді жаңарттық, жуынатын бөлмелерді жөндедік, жаңа жиһазға тапсырыс бердік. Енді басқа ауданға көшіп, бәрін қайтадан бастау керек: лас жолдар, кәріз жоқ, таза су жоқ, интернет жоқ. Менің үйім – менің жаным, менің өмірім. Қазір мені өз қолыммен өзім үшін салған дүниемнен айырғалы отыр. Енді қайда барамын? – дейді тұрғын.
Жол бәрібір салынады
Алматы әкімдігі 197 жер телімінің иелерінен мемлекеттік қажеттілік үшін жерді мәжбүрлеп иеліктен шығару туралы қаулы қабылданғанын растады.
Белгілі болғандай, 6,4 млн теңге — тек жердің құны. Үйдің бағасы бөлек есептеледі. Мамандар оның құрылыс материалын, салынған жылын және жөндеу жағдайын ескеруге тиіс. Сондай-ақ ағаштар мен өзге де жасыл желек үшін өтемақы төленеді.
Билік жол құрылысынан бас тартуды жоспарлап отырған жоқ. Егер меншік иесі ұсынылған сомаға келіссе, оған үйді босату үшін бір ай уақыт беріледі.
Ал бағалау нәтижесімен келіспегендерге әкімдік сот арқылы өтемақы көлемін қайта қарауға қол жеткізуді ұсынады.