Қазақстан Корея Республикасының шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған Employment Permit System (EPS) жүйесіне ресми түрде қосылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Толығырақ
Тиісті шешімді Корея үкіметі 14 тамызда Шетелдік жұмыс күші саясаты жөніндегі комитеттің 49-отырысында қабылдады. Осылайша, Қазақстан Е-9 жүйесіне қатысушы 18-мемлекет атанды.
Бүгінде бағдарламаға Қазақстаннан бөлек Филиппин, Моңғолия, Шри-Ланка, Вьетнам, Таиланд, Индонезия, Пәкістан, Камбоджа, Қытай, Бангладеш, Шығыс Тимор, Непал, Мьянма және Лаос қатысады. Орталық Азиядан Қазақстанмен қатар Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстан да осы жүйеге мүше.
Қазақстандықтар Кореяға қашан жұмысқа бара алады?
Қазақстан азаматтарын Кореяға жұмысқа тарту 2028 жылдан басталады деп жоспарланып отыр. Оған дейін үкіметаралық өзара түсіністік туралы меморандумға қол қою және Қазақстанда корей тілінен тест өткізетін EPS-TOPIK орталығын ашу сияқты бірқатар рәсім аяқталуы керек.
Қазақстанның EPS жүйесіне қосылу жұмыстары 2023 жылдан бері жүргізіліп келеді. 2026 жылдың қаңтарында Кореядан келген сарапшылар елдегі жүйені іске қосуға дайындықты бағалап, іріктеу, тілдік тестілеу, кәсіби дағдыларды бағалау, медициналық тексеру және ақпараттандыру тетіктерін зерделеді.
Жұмысшылар делдалсыз іріктеледі
EPS жүйесінің басты ерекшелігі – жұмысшыларды іріктеу жеке делдалдар арқылы емес, ресми жүйе арқылы жүргізіледі. Үміткерлер корей тілінен тест тапсырып, кәсіби дағдыларын бағалаудан және медициналық тексеруден өтеді.
Қазақстанның жүйеге қатысуы азаматтарға Кореяда заң талаптарына сәйкес ресми түрде жұмыс істеуге мүмкіндік береді.
Министрлік алаяқ делдалдардан сақ болуға үндеді
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жүйе ресми түрде іске қосылғанға дейін азаматтарға «Кореяға жұмысқа орналастырамыз» немесе «іріктеуден жедел өткіземіз» деп ақша сұрайтын делдалдарға сенбеуге кеңес берді.
Тіркелу мерзімі, үміткерлерге қойылатын талаптар, тестілеу тәртібі және басқа да рәсімдер туралы ақпарат министрліктің ресми ақпараттық ресурстарында жарияланады.
Анықтама
Employment Permit System (EPS) – Корея Республикасының шетелдік жұмыс күшін реттелген тәртіппен тартуға арналған мемлекеттік жүйесі. Осы жүйе аясында шетел азаматтары Корея Республикасының заңнамасында және мемлекетаралық рәсімдерде белгіленген талаптарға сәйкес жұмысқа орналаса алады.
Қазақстанды Е-9 жүйесіне қатысушы елдердің тізіміне енгізу туралы шешімді Корея Республикасының Үкіметі 2026 жылғы 14 тамызда Шетелдік жұмыс күші саясаты жөніндегі комитеттің 49-отырысында қабылдады. Қазақстан азаматтарын алғаш рет жұмысқа тарту барлық қажетті рәсімдер аяқталғаннан кейін 2028 жылдан басталады деп жоспарланып отыр.