×
$
464.02
536.18
5.54
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
464.02
536.18
5.54

Фельдшер Ұлдана Мырзуанның анасы бұрынғы күйеу баласының қайта үйленгенін қалай білгенін айтты

Бүгін, 14:57
Фельдшер Ұлдана Мырзуанның анасы бұрынғы күйеу баласының қайта үйленгенін қалай білгенін айтты
Видео кадры

Марқұм фельдшер Ұлдана Мырзуанның анасы Сәлима Ешанқұлова бұрынғы күйеу баласының қайта үйленгенін интернеттен білгенін айтты. Оның айтуынша, бұл жаңалық оған ауыр тиіп, кейінгі кезде болған жайттарға басқаша қарауына себеп болған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мән-жай

Журналист Руслан Өтепбайға берген сұхбатында әйел бұл жаңалықты көргеннен кейін таң атқанша ұйықтай алмағанын айтты. Оның сөзінше, сан түрлі ой мазалаған.

Ұлдана қайтыс болғаннан кейін отбасы көлікке, зейнетақы жинағына және басқа да құжаттарға қатысты мәселелермен айналысуға мәжбүр болған.

Сәлима Ешанқұлова бұрынғы күйеу баласы Әділет Зейнелдің жаңа тойының алдында кейбір құжат рәсімдерін тезірек аяқтауды сұрағанын еске алды. Әйелдің айтуынша, ол кезде бұған аса мән бермеген, бірақ үйлену тойы туралы естігеннен кейін күмәні көбейген.

Ол асығыстық алдағы тоймен байланысты болуы мүмкін деп ойлағанын айтты. Дегенмен бұл тек өзінің болжамы екенін де атап өтті.

Қаза болған қыздың анасына ең ауыр тигені - бұрынғы күйеу баласының жоспары туралы Ұлдананың отбасына алдын ала айтпағаны.

Әйелдің айтуынша, кемінде бір жыл күтуге болатын еді.

Оның сөзінше, жасалған әрекеттің бәрі заңға сай болса да, адамдық қарым-қатынастың жөні бөлек.

Отбасылар ақшаға байланысты келісе алмай жүр

Сұхбатта Ұлдананың туыстары қайғылы жағдайдан кейін жиналған ақша мәселесін тағы көтерді.

Олардың айтуынша, барлығы шамамен 20 миллион теңге жиналған. Соның 9,12 миллион теңгеге жуығы несиені жабуға жұмсалған.

Қалған қаражаттың қайда кеткеніне байланысты отбасының сұрағы бар.

Марқұмның әпкесі Ұлдана қайтыс болғаннан кейін Әділеттен ақшаның бір бөлігін анасына аударуды сұрағанын айтты. Себебі анасының қызының тойына байланысты несиелері, сондай-ақ, жерлеу мен ас беру шығындары қалған.

Әпкесінің сөзінше, Әділет анасына 4,5 миллион теңге аударған.

Кейін, оның айтуынша, ол Ұлдананың несиесін жабу үшін бұл ақшаны кері қайтаруды сұраған. 

Сондай-ақ, әпкесі екі отбасының арасы дәл осы ақша аудару туралы өтініштен кейін суи бастағанын айтты.

Ол отбасының қолындағы құжаттарға сүйенсек, шамамен 3 миллион теңгеге қатысты әлі де сұрақ барын мәлімдеді.

Әділеттің отбасы не деді?

Бұған дейін Әділеттің анасы Эльза Ерманова ұлы ірі көлемде ресми өтемақы алып, оны жеке қажетіне жұмсады деген сөзді жоққа шығарған.

Оның айтуынша, Ұлдананың зейнетақы жинағы шамамен 2,3 миллион теңге болған.

Сондай-ақ, ол әлеуметтік желілерде айтылып жүрген 20 миллион теңге мемлекеттен немесе компаниядан берілген өтемақы емес, қайғылы жағдайдан кейін жиналған қаражат екенін айтқан.

Әділеттің отбасы бұл ақшаның қомақты бөлігі Ұлдананың автонесиесін жабуға жұмсалғанын, содан кейін көлік оның ата-анасына берілгенін, сондай-ақ, қаражаттың бір бөлігі жерлеу мен ас беру шығындарына кеткенін мәлімдеген.

Сәлима Ешанқұлованың талабы қандай? 

Жаңа той туралы белгілі болғаннан кейін Сәлима Ешанқұлова Әділеттің қызының қазасына қатысты қылмыстық іс бойынша жәбірленуші мәртебесінен бас тартқанын қалайтынын айтты.

Алайда ол бұдан бас тартты.

– Бұл істі бастаған екенмін, аяғына дейін жеткізгім келеді, – деген еді Әділет.

Оның анасы бұған дейін Ұлдана қаза болғаннан кейін ұлы бірнеше ай бойы бұл жағдайды ауыр қабылдап, жұмыс істемей, үйден де шықпай кеткенін айтқан.

Ұлданаға қатысты жағдай

Қайғылы оқиға 2025 жылғы 8 қарашада Астанадағы Тәуелсіздік даңғылы, 24Б мекенжайындағы тоғыз қабатты үйдің маңында болған.

Ғимарат қасбетіндегі кірпіш қаптама опырылып түскен. Бес адам зардап шеккен. 23 жастағы Ұлдана Мырзуан жедел жәрдем фельдшері ретінде шақыртуға барған.

Туыстарының айтуынша, ол зардап шеккендерге көмек көрсете бастаған кезде үстіне кірпіштер мен кондиционердің бекітпесі құлаған.

Бойжеткен ауыр жарақат алды. Дәрігерлер оның өмірі үшін он күн күресті, алайда 18 қарашада Ұлдана қайтыс болды.

Ұлдана Әділет Зейнелге 2025 жылғы 30 қыркүйекте, қайғылы оқиғадан шамамен бір жарым ай бұрын тұрмысқа шыққан.

2026 жылдың жазында ер адамның қайта үйленгені белгілі болды.

Еске салайық, кеше Ұлдананың ісі сотқа жолданғаны хабарланды.