ІІМ техникалық ақау салдарынан жүргізушілерге жылдамдықты асырғаны үшін қате айыппұлдар салынғанын растады. Қате қалыптастырылған нұсқамалардың күші автоматты түрде жойылады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Айыппұлдар қате қалыптастырылған
ІІМ жолдарда айыппұл алған жүргізушілердің жаппай шағымына қатысты түсінік берді. Белгілі болғандай, бұған Бас прокуратураның «Әкімшілік іс-жүргізудің бірыңғай тізілімі» ақпараттық жүйесіндегі техникалық ақау себеп болған.
Ақау 13-14 тамызда нұсқамаларды автоматты түрде қалыптастыру кезінде болған. Соның салдарынан орташа жылдамдықты асырған кейбір заңбұзушылықтар нақты бір сәттегі жылдамдықты асыру ретінде қате рәсімделген.
Бұған дейін жүргізушілер, соның ішінде Алматы – Тараз тасжолы және Қорғас бағытымен тұрақты қатынайтын азаматтар, ондаған айыппұл алғанын хабарлаған. Автокөлік жүргізушілерінің бірі бір күнде өзіне 14 қаулы келгенін айтқан.
ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Мұрат Қабденов айыппұлдардың кейбірі шынымен қате есептелгенін растады.
– Қазір әріптестерімізбен бірге техникалық ақаудың салдарын жою бойынша жұмыс жүргізіп жатырмыз. Жүргізушілерге бірден сабырға шақырғым келеді: ешқайда барудың қажеті жоқ. Полицияға жүгінудің немесе бір нәрсені дәлелдеудің қажеті жоқ. Қате есептелген нұсқамалардың барлығы анықталды және олардың күші автоматты түрде жойылады, – деді Қабденов.
Ол бұл тек аталған техникалық ақау салдарынан тасжолдарда қате қалыптастырылған айыппұлдарға қатысты екенін атап өтті.
Төленген айыппұлдардың ақшасы қайтарылады
Техникалық ақау салдарынан қате нұсқама алған жүргізушілерге полицияға өздігінен жүгінудің немесе қателікті дәлелдеудің қажеті жоқ. ІІМ анықталған барлық қате айыппұлдың күші автоматты түрде реттелетінін мәлімдеді.
Ал айыппұлды төлеп қойған азаматтарға ақшаны қайтару тетігі әзірленіп жатыр.
Бұл ретте ІІМ аталған шара тек көрсетілген техникалық ақау салдарынан қате қалыптастырылған нұсқамаларға қатысты екенін нақтылады.