×
$
464.02
536.18
5.54
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
464.02
536.18
5.54

Мұнай-газ саласындағы ірі мәміле: «Жайықмұнай» Кеңес Рақышевтің холдингіне өтеді

Бүгін, 17:46
Мұнай-газ саласындағы ірі мәміле: «Жайықмұнай» Кеңес Рақышевтің холдингіне өтеді
Ulysmedia

Қазақстанның солтүстік-батысында жұмыс істейтін «Жайықмұнай» мұнай-газ компаниясы иесін ауыстырады. Nostrum Oil & Gas тобы Қазақстандағы активтерін кәсіпкер Кеңес Рақышевпен байланысты Altaris Holding Ltd компаниясына сатуға келісті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мәміленің мән-жайы

Мәміле құны 304,6 млн доллар болады. Алайда мәміле аяқталған кезде компаниялардың қарызы, қолма-қол қаражаты және айналым капиталы ескеріліп, түпкілікті баға өзгеруі мүмкін.

Мәмілеге қандай активтер кіреді

Сатып алушыға Nostrum-ның «Жайықмұнай» ЖШС мен Positiv Invest ЖШС-дегі үлестері, сондай-ақ осы компанияларға қатысты қарыздар бойынша құқықтары өтеді.

«Жайықмұнай» – Nostrum-ның Қазақстандағы негізгі өндірістік активі. Компания Батыс Қазақстан облысындағы Чинарев мұнай-газ конденсат кен орнын игерумен айналысады. Кен орнының болжамды қоры шамамен 49 млрд текше метр газ және 35 млн тонна мұнай болады.

Ал Positiv Invest «Степной леопард» жобасындағы Каменский және Каменско-Тепловско-Токаревский учаскелеріне құқық иеленеді. Nostrum бұл компанияның 80%-ына ие.

Сатып алушы кім?

Altaris Holding Ltd компаниясы 2026 жылғы 24 маусымда «Астана» халықаралық қаржы орталығында тіркелген. Оның акционерлері қатарында Кеңес Рақышевтің Fincraft Group құрамына кіретін Fincraft Energy Holding Limited және Alturion Holding Ltd бар.

Fincraft Energy Holding компаниясы АХҚО-да 2025 жылғы қарашада тіркелген. Рақышевтер тобы оның көмегімен мұнай-газ активтерін біріктіріп, жаңа жобаларға инвестиция тартуды жоспарлап отыр.

Мәміле әзірше аяқталған жоқ. Активтерді беру үшін бірқатар келісім алу қажет. Оның ішінде Қазақстандағы экономикалық шоғырлануға рұқсат, сондай-ақ Энергетика министрлігі, QazaqGaz және басқа да тараптардың келісімі керек.

Мәмілені 2026 жылғы 15 қыркүйекке дейін аяқтау жоспарланып отыр. Қажет болған жағдайда бұл мерзім тағы екі айға ұзартылуы мүмкін.