×
$
462.22
536.5
5.43
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
462.22
536.5
5.43

13 жастағы көкпаршының қазасы: туыстары полицияны істі жабуға асықты деп айыптады

Бүгін, 10:52
13 жастағы көкпаршының қазасы: туыстары полицияны істі жабуға асықты деп айыптады
as1nvn

Ақмола облысында 13 жастағы Дінмұхаммедтің отбасы әділдік талап етіп отыр. Жасөспірім көкпар кезінде ауыр жарақат алып, кейін көз жұмған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Толығырақ

Қайғылы оқиға 2026 жылғы 26 мамырда Қабанбай батыр ауылында «Жанбөбек» және «Қаражар» командаларының жаттығу ойыны кезінде болған.

Қаза болған баланың әпкесі Жәнел Асыланқызы Threads желісіндегі жазбасында тергеу жұмыстарына қатысты наразылығын білдірді. Оның айтуынша, мектеп оқушысының өлімі бойынша қозғалған қылмыстық іс араға небәрі екі ай салып жабылған.

Марқұмның туыстарының айтуынша, сол күні Дінмұхаммед көкпар алаңына шығып, ойын ережесін сақтап, серкені қарсыласына бермей ойнаған. Алайда осы кезде қарсылас командадағы Санжар есімді ойыншы ережені бұзып, атын қатты екпінмен Дінмұхаммед мінген атқа бүйірінен соққан. Соның салдарынан жасөспірім ат үстінде ауыр жарақат алған. Кейін алған жарақатынан қайтыс болған.

– Алайда дәл осы сәтте қарсылас команда ойыншысы Санжар ойын ережесін өрескел бұзып, бар жылдамдығымен менің жиенім мінген атқа бүйірінен соғылған, яғни қатты соққы жасаған. Соның салдарынан Дінмұхаммед ат үстінде ауыр бас жарақатын алған. Кейін алған жарақаттарынан қайтыс болды. Ойын ережесін бұзған адамның ертең басқа баланың өміріне қауіп төндірмейтініне кім кепіл? Ойын кезінде адам өліміне жол беруге болады деп қай заңда жазылған? – деп жазды Жәнел.

Марқұмның туыстары болған жағдайды жай ғана «аттан құлау» деп түсіндіруге үзілді-кесілді қарсы. Олар кінәлілердің заң алдында жауап бергенін талап етіп отыр.

«Бәрі шындықты жасырып отыр»

Отбасы сот-медициналық сараптаманың қорытындысына да назар аударған. Сараптама нәтижесінде баланың «қатты доғал заттардың әсерінен денсаулығына ауыр зиян келгені» көрсетілген. Жасөспірімнің мойны сынып, жұлын зақымданып, басынан ауыр жарақат алған.

Ал сараптама құжаттарында бұл жарақаттардың аттан құлау салдарынан болғаны туралы ақпарат жоқ.

– Сол жерде болған куәгерлер мен күдіктілердің бәрі шындықты жасырып, болған оқиғаның мән-жайын өз мүддесіне қарай бұрмалап отыр. Бастапқыда Ақмола облысының полициясы мен прокуратурасы қылмыс белгілерін көрсететін жеткілікті деректер болғандықтан, адам өлімі фактісі бойынша қылмыстық іс қозғаған. Алайда екі айдан кейін істі ешқандай түсініктемесіз жауып тастады. Біз сенім артатын құқық қорғау органдары осылай жұмыс істеуі керек пе? Елімізде заң бар ма өзі? – деп ашынды марқұмның туыстары.

Қаза болған жасөспірімнің жақындары құқық қорғау органдарының басшылығынан қылмыстық істі қайта бастауды талап етіп отыр. Олар көкпар алаңында баланың өліміне әкелген әрекетке барған адамның жазасыз қалуынан қауіптенеді.

Ulysmedia.kz редакциясы Ақмола облысының полиция департаментіне ресми түсінік алу үшін сауал жолдады. Жауап күтіп отырмыз.