×
$
458.23
535.99
5.46
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
458.23
535.99
5.46

Қазақстандық қыз Тоқаев сыйлаған сағатты 2,9 млн теңгеге сатпақшы

Бүгін, 16:15
Қазақстандық қыз Тоқаев сыйлаған сағатты 2,9 млн теңгеге сатпақшы
Ulysmedia коллажы

Қазақстандық Анна Захарова Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өз қолынан алған сағатын сатылымға шығарды. Естелік сыйлық үшін ол 2,9 млн теңгеге жуық қаражат сұрап отыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Сағат қандай?

Анна Захарова Threads әлеуметтік желісінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан алған сағатын сататыны туралы хабарландыру жариялады.

– Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтан алған сағатты сатамын. Мен үшін бұл – естелік әрі мәртебелі бұйым. Алайда оны тақпаймын, сондықтан мұндай затты шынымен бағалайтын адамға беруді жөн көрдім. Барлық қажетті құжаттары қоса беріледі, – деп жазды ол.

Захарова сағатты 2 899 000 теңгеге бағалаған. Хабарландыруда ол сыйлықтың коллекциялық қана емес, инвестициялық тұрғыдан да болашағы бар екенін атап өткен.

Оның айтуынша, 10 жылдан кейін бұл аксессуардың құны 30 млн теңгеге дейін өсуі мүмкін.

Жазба әлеуметтік желі қолданушыларының қызығушылығын тудырды. Алайда көпшілік сағаттың бағасын әзілмен қабылдап, тым қымбат қойылғанын жазған.

Соған қарамастан, сағат иесі оны әлемнің кез келген еліне жіберуге дайын екенін мәлімдеді.

Сағат Захароваға қалай берілді?

2023 жылы ұлттық ит тұқымдарының көрмесінде Анна Захарова Қасым-Жомарт Тоқаевқа Наурыз есімді бір жарым айлық тазы күшігін сыйлаған.

Бұған жауап ретінде Президент ит өсірушіге өз қолтаңбасы қойылған сағат сыйлаған.