×
$
458.48
534.68
5.43
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
458.48
534.68
5.43

"Денесінде сау жер қалмаған": сотта Ұлдана Мырзуанның әріптесі көз жасын тыя алмады

Бүгін, 17:40
"Денесінде сау жер қалмаған": сотта Ұлдана Мырзуанның әріптесі көз жасын тыя алмады
Видеодан алынған кадр

Фельдшер Ұлдана Мырзуанның қазасына қатысты сот отырысы жалғасып жатыр. Сотта куәгерлерден жауап алу басталды. Олардың бірі марқұммен жедел жәрдем бригадасында бірге жұмыс істеген фельдшер Ділназ Байзақова болды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Бригада бірінші санаттағы шақыртуға барған

Байзақованың айтуынша, қайғылы оқиға болған күні бригадаға бірінші санаттағы шақырту түскен. Қабырғаның құлағаны туралы хабарланған. Оқиға орнына жеткен медицина қызметкерлері үйінді астында әйел мен ер адамның жатқанын көрген. Жедел жәрдем қызметкерлері бірден зардап шеккендерге алғашқы көмек көрсетуге кіріскен.

Осы кезде тағы бір құрылыс конструкциясы құлаған. Куәгердің айтуынша, ол қатты соққы сезіп, үстіне кірпіш түскенін түсінген. Осыдан кейін Байзақова Ұлдана Мырзуанның етпетінен жатқанын көрген. Ол әріптесіне жақындап, оны көтерген.

Байзақова оқиғаны айтып беріп жатқандакөз жасын тыя алмады.

— Оқиға орнына келгенде үйіндінің астында жатқан адамдарды көрдік. Алғашқы көмек көрсетуге тырысқанымызда, үстімізге бір нәрсе құлады. Нақты не екенін білмеймін, бірақ кірпіш сияқты. Есімді жиған кезде Ұлдананың етпетінен жатқанын көрдім. Оны көтергенімде, үстінің сау жері қалмаған екен. Құлағы мен мұрнынан қан фонтанша атқылап ақты, — деді фельдшер.

Ділназ Байзақованың өзі де жарақат алған. Оқиғадан кейін оған миы шайқалып, жабық бас-ми жарақаты диагнозы қойылған.

Оқиға қалай болды?

Қайғылы оқиға 2025 жылғы қазанда Астанада болған. Тәуелсіздік даңғылы, 24Б мекенжайындағы үйге шақыртуға барған кезде адамдардың үстіне кондиционер мен ғимараттың қасбетінің бір бөлігі құлаған. 23 жастағы фельдшер Ұлдана Мырзуан қаза тапты.

Тергеу 10 айға созылды. Сот алдынlf осы үйдің МИБ төрайымы Сәуле Жұбаниязова жауап беріп жатыр. Тергеу нұсқасы бойынша, ол ғимараттың жағдайын бақыламаған, сондай-ақ қажетті тексеру мен жөндеу жұмыстарын ұйымдастырмаған.

Прокуратура, соның ішінде, 2017 жылғы техникалық қорытындыға сүйенеді. Құжатта ғимараттың қасбетін, шатырын және басқа да бөліктерін жөндеу қажеттігі көрсетілген.

Істің алғашқы сот отырысында Сәуле Жұбаниязова өз кінәсін мойындамаған.

Сот отырысын басқа МИБ төрағалары да бақылап отыр. Олар үйдің жағдайына қатысты жауапкершілікті арнайы техникалық білімі жоқ МИБ басшысына толығымен жүктеуге болмайтынын айтады. Сондай-ақ олар неліктен ғимаратты салушы компанияға қатысты талап қойылмайтынына сұрақ қойып отыр.