Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 16 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желілерге тіркелуіне заң арқылы тыйым салу ұсынысын қолдайтынын айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Толығырақ
Мемлекет басшысының пікірінше, өскелең ұрпақтың қолайлы әрі қауіпсіз ортада өмір сүруіне барынша жағдай жасау қажет.
– Үкімет 16 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желіге тіркелуіне заң арқылы тыйым салуды ұсынып отыр. Бұл мәселеге таяуда өткен Тамыз конференциясында арнайы тоқталып өттім. Мұндай шара әлемнің көптеген елінде қабылданып жатыр. Мен мұны қолдаймын, – деді Тоқаев.
Президент бұл бағыттағы жұмысқа баса назар аудару керектігін атап өтті. Сонымен бірге заң қабылданған жағдайда оның іс жүзінде толық орындалуын қамтамасыз ету тетіктерін алдын ала ойластыру қажет екенін айтты.
– Тиісті заңды қабылдасақ, оны толығымен жүзеге асыру мәселесін ойлауымыз керек, себебі қауқарсыз заң ешкімге қажет емес, – деді мемлекет басшысы.
Бұдан бөлек, Тоқаев энергетика саласының технологиялық тұрақтылығын қамтамасыз етуге және баламалы энергия көздерін дамытуға мүмкіндік беретін заң жобаларын жедел қарауды тапсырды.
Сондай-ақ президент онлайн-платформалар мен масс-медиаға қатысты заңдарға ерекше назар аудару қажеттігін айтты. Оның сөзінше, ақпарат кеңістігінде азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау үшін қосымша шаралар қабылдау қажет.