×
$
464.77
541.36
5.41
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
464.77
541.36
5.41

Тоқаев Бішкекте ШЫҰ саммиті аясында Путинмен жеке кездесу өткізеді

Бүгін, 10:05
Тоқаев Бішкекте ШЫҰ саммиті аясында Путинмен жеке кездесу өткізеді
Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин 1 қыркүйекте Бішкекте Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті аясында жеке кездесу өткізеді. Кездесудің жоспарланғанын Ресей президентінің көмекшісі Юрий Ушаков мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Қандай мәселелер талқыланады

Мемлекет басшыларының бұған дейін 25 шілдеде Омбыда өткен Қазақстан мен Ресей ынтымақтастығы форумында кездескені атап өтілді. Алайда сол кездегі келіссөздер барысында бірқатар мәселе талқыланбай қалған. Енді Тоқаев пен Путин оларды Бішкекте қосымша қарауды жоспарлап отыр.

Кездесу күн тәртібіне нақты қандай мәселелер енгізілетіні әзірге айтылған жоқ.

Тоқаев пен Путин екіжақты кездесулерді тұрақты түрде өткізіп келеді. Мамыр айында Қазақстан президенті Жеңіс күніне арналған іс-шараларға қатысу үшін Мәскеуге барған. Кейін Владимир Путин Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген.

Бішкектегі ауқымды саммит

1 қыркүйекте Қырғызстан астанасында ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысы және «ШЫҰ плюс» форматындағы кездесу өтеді.

Бішкекке Қазақстан, Ресей, Қытай, Иран, Беларусь, Өзбекстан, Тәжікстан, Түркия, Әзербайжан, Армения, Моңғолия және басқа да елдердің көшбасшылары келеді. Сондай-ақ Үндістан мен Пәкістан премьер-министрлері және халықаралық ұйымдардың өкілдері, соның ішінде БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш қатысады деп жоспарланып отыр.

Қандай шешімдер қабылдануы мүмкін

The Indian Express мәліметінше, саммитте 27 құжаттан тұратын пакет қабылдануы мүмкін. Олардың қатарында ШЫҰ-ның 25 жылдығына арналған Бішкек декларациясы, сондай-ақ қауіпсіздік, жасанды интеллект, климат, энергетика, синтетикалық есірткілермен күрес және төтенше жағдайлар кезіндегі ынтымақтастыққа қатысты шешімдер бар.

Бұдан бөлек, ШЫҰ-дағы тілдік режимді кеңейту мәселесі талқылануы мүмкін. Қазір ұйымның ресми тілдері – орыс және қытай тілдері. Үнді басылымының мәліметінше, қатысушылар ағылшын тіліне ресми немесе жұмыс тілі мәртебесін беру мүмкіндігін қарастыруы ықтимал.

Соңғы шешімдер саммит аяқталғаннан кейін белгілі болады.

Путин басқа да кездесулер өткізеді

Бішкекте Владимир Путин Қытай төрағасы Си Цзиньпинмен және Үндістан премьер-министрі Нарендра Модимен де жеке кездесулер өткізуді жоспарлап отыр.

Кешке саммитке қатысушы мемлекеттердің көшбасшылары «Бішкек-Арена» стадионында VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанатына қатысады.

Бұл саммит Қырғызстанның 2025–2026 жылдардағы ШЫҰ-ға төрағалығының негізгі қорытынды іс-шарасы болмақ.