×
$
451.05
€
504.95
₽
5.6
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
451.05
€
504.95
₽
5.6

Ыстанбұлда 26 жастағы қазақстандық қыз жұмбақ жағдайда қаза тапты

Бүгін, 15:04
Ыстанбұлда 26 жастағы қазақстандық қыз жұмбақ жағдайда қаза тапты
Son dakika/ Hürriyet. Ulysmedia коллажы

Ыстанбұлда 26 жастағы Қазақстан азаматы Айсұлу Бекмаханованың өліміне қатысты тергеу жүріп жатыр. Қыз алтыншы қабаттағы пәтердің балконынан көрші ғимараттың шатырына өтіп, биіктен құлап кеткен. Оның шатырға не себепті шыққаны әзірге белгісіз, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мән-жай

Қайғылы оқиға 25 қазанда таңғы сағат сегіз шамасында Ыстанбұлдың Шишли ауданындағы Эргенекон шағынауданында болған.

Түркиялық БАҚ мәліметінше, қазақстандық қыз алтыншы қабаттағы пәтердің балконына шығып, белгісіз жолмен көрші үйдің шатырына өткен.

Одан кейін қыз шатырдың орта тұсына қарай жүрген. Болжам бойынша, ол ғимараттағы ашық кеңістіктің үстіне орнатылған қалқаның үстіне аяқ басқан. Алайда қалқа салмаққа шыдамай, қыз ғимараттың минус екінші қабаты деңгейіне құлап кеткен.

Ауыр жарақат алған қазақстандық оқиға орнында көз жұмды.

Полиция не анықтады?

Оқиға туралы хабар түскен соң ғимаратқа полиция қызметкерлері мен жедел жәрдем бригадасы жеткен.

Дәрігерлер қызды тексергенімен, оның өмірін сақтап қалу мүмкін болмаған.

Түркиялық БАҚ мәліметінше, қайғылы оқиға кезінде қыздың үстінде киімі толық болмаған. Оның неліктен мұндай күйде жүргені және шатырға не мақсатпен шыққаны әзірге анықталған жоқ.

Оқиға орны тексерілгеннен кейін марқұмның денесі сараптама жүргізу үшін Сот медицинасы институтына жеткізілді.

Марқұм туралы не белгілі?

Қаза тапқан қыз Қазақстан азаматы, 26 жастағы Айсұлу Бекмаханова екені анықталды.

Түркия құқық қорғау органдарының мәліметінше, ол елге 2026 жылғы қыркүйекте туристік визамен келген.

Алдын ала ақпарат бойынша, Айсұлу Ыстанбұлға Ресей азаматшасымен бірге барған. Екеуінің бір үйде тұрғаны хабарланды.

Қазір құқық қорғау органдары қазақстандық қыздың өліміне қатысты барлық мән-жайды анықтап жатыр. Атап айтқанда, оның көрші ғимараттың шатырына не себепті өткені тексеріліп жатыр.

Тергеу жалғасып жатыр.

Ulysmedia.kz редакциясы оқиғаға қатысты ресми пікір алу үшін Қазақстанның Сыртқы істер министрлігіне сауал жолдады.