×
$
453.71
€
505.8
₽
5.63
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
453.71
€
505.8
₽
5.63

Жүктемесі көп, жалақысы жұтаң: Қазақстанда дәрігерлер қалай күнелтіп жүр

Бүгін, 11:40
Жүктемесі көп, жалақысы жұтаң: Қазақстанда дәрігерлер қалай күнелтіп жүр
фото: ЖИ/Ulysmedia.kz

2027 жылғы қаңтардан бастап науқастардың талап-тілегін бірінші болып тыңдайтын медицина қызметкерлерінің, яғни жалпы практика дәрігерлері мен учаскелік медбикелердің жалақысын едәуір көтеру жоспарланып отыр. Ulysmedia.kz Денсаулық сақтау министрлігінің бұл уәдесі шындыққа қаншалықты жақын екенін анықтау үшін емханалар мен басқа да медициналық мекемелерде еңбек ететін мамандармен сөйлесті. Олардың айына 200–300 мың теңге табу үшін қандай жұмыс атқаратынын және жалақыларының қаншалықты өскенін қалайтынын білді.

ЖАЛАҚЫ ӨСІМІНІҢ ҚҰНЫ

Қазақстанда медицина қызметкерлерінің жалақысын тағы да көтеру туралы шешім қабылданды. Бұл жолы билік алғашқы медициналық көмек көрсететін мамандарға: жалпы практика дәрігерлеріне, учаскелік дәрігерлер мен емханаларда және дәрігерлік амбулаторияларда жұмыс істейтін медбикелерге басымдық беріп отыр.

2026 жылғы 28 қазанда Қазақстан халқына Жолдауында Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметке келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап учаскелік қызмет мамандарының жалақысын еңбек өтіліне қарай 40 пайызға дейін көтеруді тапсырды. Президенттің айтуынша, бұл шара 77 мыңнан астам медицина қызметкерінің табысын арттыруға тиіс.

Денсаулық сақтау министрлігі президент тапсырмасын орындауға 2027–2029 жылдары жыл сайын шамамен 137 млрд теңге қажет болатынын жедел есептеп шығарды. Оның 34 млрд теңгесі республикалық бюджеттен, ал қалған 103 млрд теңгесі міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінен бөлінеді.

Министрлік медицина қызметкерлерінің қазіргі және алдағы жалақы мөлшерін де жариялады. Үздіксіз еңбек өтілі екі жыл және одан асқан дәрігерлер мен медбикелерге лауазымдық жалақысының 20 пайызы көлемінде үстемеақы төленуге тиіс. Ал бес жылдан астам еңбек өтілі бар мамандарға 50 пайыздық үстемеақы қарастырылған.

Осылайша, ауылдағы жалпы практика дәрігерлерінің жалақысы қазіргі 534 мың теңгеден 760 мың теңгеге дейін, қалада 425 мыңнан 607 мың теңгеге дейін өспек. Ауылдық жердегі медбикелердің айлығы 284 мыңнан 401 мың теңгеге, қалада 224 мыңнан 318 мың теңгеге дейін көтеріледі.

ЕШКІМ БАЙҚАМАҒАН ӨСІМ

Пандемия кезінде медицина қызметкерлеріне коронавирус жұқтырған науқастармен жұмыс істегені үшін үстемеақы төлеуге уәде берілген еді. Қазақстандықтар ол кезеңді ұмыта бастағанымен, сол кездегі уәделердің жаңғырығы әлі де есте. Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері коронавируспен ауырған науқастар жатқан стационарларда жұмыс істейтін мамандардың айлығы 850 мың теңгеге дейін жететінін айтқан.

Алайда мұндай қомақты үстемеақы алған медицина қызметкерлерінің саны көп болған жоқ. Ал медбикелер мен учаскелік дәрігерлердің жалақысы елдегі ең төмен көрсеткіштердің қатарында қала берді.

Осы айырмашылықты азайту үшін 2020 жылы Денсаулық сақтау министрлігі мен денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің салалық кәсіподағы келісімге келді. Құжатта тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі мен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде жұмыс істейтін ұйымдар қызметкерлерінің жалақысын көтеру көзделді.

Жоспар бойынша, үш жыл ішінде дәрігерлердің жалақысы 400 мың теңгеге, орта буын медицина қызметкерлерінің айлығы 200 мың теңгеге жетуге тиіс еді. Алайда колледжден кейін бакалавр дәрежесін де алған, еңбек өтілі 10 жылдан асатын және жоғары санатты медбикенің айтуынша, қазір барлық үстемеақыны қосқанда алатын жалақысы 224 мың теңге ғана.

– Емханадағы жалақының шегі осы шығар. Ауруханаларда көбірек төлеуі мүмкін. Бірақ мен басқа мәселені айтқым келеді. Колледжді енді бітіріп келген қыздар алғашқы жылдары 140–150 мың теңге ғана алады. Бұл, әрине, өте аз. Азық-түлік те, басқа тауарлар да қымбаттап жатыр, – дейді ол.

Денсаулық сақтау министрлігінің есептеріне қарағанда, дәрігерлер мен медбикелердің лауазымдық жалақысы жыл сайын өсіп отырған. Кей жылдары өсім бірден 20–30 пайызға жеткен.

Алайда Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 2024 жылдың қорытындысында денсаулық сақтау және халыққа әлеуметтік қызмет көрсету саласындағы медианалық жалақы 2023 жылмен салыстырғанда небәрі 4,9 пайызға өскен. Бұл көрсеткіш тек дәрігерлер мен медбикелердің емес, тұтас саладағы қызметкерлердің жалақысын қамтиды. Дегенмен ол денсаулық сақтау саласындағы еңбекақы өсімі жарияланған жоспарлардан әлдеқайда баяу болуы мүмкін екенін аңғартады.

ДӘРІГЕР МЕ, ӘЛДЕ ӘКІМШІ МЕ?

Елордадағы емханалардың бірінде жұмыс істейтін жалпы практика дәрігері де Денсаулық сақтау министрлігі атаған 400 мың теңгені үнемі ала бермейді.

– 2021 жылдан бері дәрігер болып жұмыс істеймін. Бір жыл бала күтімі демалысында болдым. Барлық үстемеақыны қосқанда, 350 мың теңге аламын. Кейде еңбек демалысына кеткен әріптесімді алмастырсам, бұдан көбірек табамын. Бірақ ондай кезде жұмыс жүктемесі де мүлде басқа, – дейді учаскелік дәрігерлердің бірі.

Оның айтуынша, емхана басшылығы әзірге алдағы жалақы өсімі туралы ештеңе айтпаған. Дегенмен ол президент тапсырмасы орындалады деп үміттенеді.

Сонымен бірге дәрігер тағы бір мәселені көтерді.

– Кейде әріптестерімнің өзінен менсінбеушілікті байқаймын. Жүйе солай құрылған: біз өзіміз ешқандай ем-дом жасамаймыз, күрделі талдаулардың өзін бейінді мамандар арқылы тағайындатады. Бірақ науқас ең көп келетін де, наразылықты ең көп еститін де – біз. Жүйе істемей қалса, кінәлі біз боламыз. Бейінді дәрігерге жазылатын орын болмаса да, дәрі-дәрмек таусылса да, науқастар бізге шағымданады. Кейде адамдар тек бейінді маманға жолдама талап етіп келеді. Мен дерті жайлы сұрап, тексеруді бастағанымда да, уақытын алып жатыр деп наразы болады. Бірақ олай емес қой. Мен жай әкімші емеспін, дәрігермін, – дейді ол.

Бұған қоса, жалпы практика дәрігерлері науқастың үйіне шақырту бойынша да барады. Соңғы уақытта науқастардың туыстары медицина қызметкерлеріне шабуыл жасаған оқиғалар қоғамда үлкен резонанс тудырғаннан кейін, көп дәрігер үй аралаудан қорқатын болған.

– Еңбек жолымды жеке үйлер аумағында бастадым. Онда да қауіп бар. Кейбір адамдар иттерін байлап қоймайды. Ауласына кіргенде, иттер жан-жақтан тап беруі мүмкін, – деп еске алады дәрігер.

ЕҢБЕК НАРЫҒЫ НЕ ҰСЫНЫП ОТЫР?

Жалпы практика дәрігерлерінің жалақысын көтеру туралы бастамаға еңбек нарығы әзірге үн қата қойған жоқ. Жұмыс іздеу сайттарындағы хабарландыруларға қарағанда, жекеменшік клиникалардың өзі мұндай мамандарға көбіне 250–300 мың теңге ұсынады. Оның үстіне, кейбірі жұмыс тәжірибесі болмаса да қабылдауға дайын. Ал медбикелерге 150 мың теңгеден басталатын жалақы ұсынылады.

Бір қызығы, учаскелік дәрігерлер мен медбикелердің қосымша табыс табуына мүмкіндік аз.

– Кейбір медбикелер жұмыстан кейін үйге барып, тамырға дәрі құяды. Бірақ менің оған уақытым жоқ. Отбасым бар: үлкен баламның сабағын қарауым керек, кішісін балабақшадан алып кетемін. Сөйтіп күн көріп жүрмін, – дейді медбике.

Дегенмен жекеменшік жұмыс іздеу сайттарында жалақысы жоғары ұсыныстар да кездеседі. Мәселен, бір хабарландыруда жалпы практика дәрігеріне 350 мыңнан 1 млн теңгеге дейін жалақы ұсынылған. Хабарландыруда нақты табыс жоспарлы көрсеткіштердің орындалуына байланысты екені жазылған.

КІМНІҢ ЖАЛАҚЫСЫ ӨСТІ?

2027 жылғы қаңтарда алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсететін емхана дәрігерлерінің жалақысын көтеру соңғы жылдардағы алғашқы өсім емес.

Мәселен, 2026 жылғы қаңтардан бастап жедел жәрдем және инфекциялық қызмет мамандарына қосымша төлем енгізілді. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, осы өсімнен кейін жедел жәрдем дәрігерінің орташа жалақысы шамамен 463 мың теңге, фельдшердікі 312 мың теңге, жүргізушінікі 230 мың теңге болған.

Ал инфекциялық қызмет дәрігерлерінің жалақысы орта есеппен 497 мың теңгеге, медбикелердікі 282 мың теңгеге жеткен. Бұған қоса, санитариялық-эпидемиологиялық қызмет зертханаларында жұмыс істейтін, жоғары медициналық білімі жоқ мамандардың да еңбекақысы көтерілген.

– Биыл жалақымызды едәуір көтерді. Былтыр 250 мың теңгенің айналасында алатынмын, биыл 350 мыңға жуықтады, – дейді жедел жәрдем фельдшері.

Дегенмен оның айтуынша, бұл ақша да жеткіліксіз.

– Біз бір күн жұмыс істеп, бір түн кезекшілік атқарамыз, одан кейін 48 сағат демаламыз. Сондықтан, мысалы, қалалық жедел жәрдемде жұмыс істеп жүріп, басқа бір ауруханаға мобильді бригадаға орналасуға болады. Немесе облысқа барып, Талапкер не Қосшыда жедел жәрдемге тұруға болады, – дейді ол.

Алайда мұндай жұмыс кестесіне физикалық тұрғыдан шыдау өте қиын екенін де жасырмайды. Бірақ ақша қажет болған соң, амалын табуға тура келеді.

АУЫЛ ДӘРІГЕРІН ҚОЛДАУ

Мемлекет медицина мамандары тапшы өңірлерге дәрігер тарту үшін қаржылай ынталандыру шараларын да қолданып келеді. Атап айтқанда, жалпы практика, акушерлік-гинекология, педиатрия, анестезиология және реаниматология сияқты сұраныс жоғары мамандық иелеріне тиісті қолдау бағдарламалары аясында біржолғы берілетін төлем 8,5 млн теңгеге дейін ұлғайтылды.

Үкіметтің мәліметінше, 2025 жылы мұндай қолдауды 529 дәрігер алған. Оларға төленген қаражаттың жалпы көлемі шамамен 4,5 млрд теңге болған. Салыстыру үшін айтсақ, 2024 жылы 254 маманға жалпы сомасы 2,2 млрд теңге болатын төлем берілген.

Алайда бұл қаражатты ай сайынғы жалақының өсуі деп қарастыруға болмайды. Бұл – ең алдымен маман тапшы өңірлер мен салаларға дәрігер тартуға арналған бөлек ынталандыру шарасы.

ЖАЛАҚЫ МӘСЕЛЕСІ НЕГЕ ҚАЙТА КӨТЕРІЛДІ?

Бұған дейін бірнеше рет жалақы көтерілгеніне қарамастан, денсаулық сақтау саласында кадр тапшылығы әлі де өзекті. Enbek.kz порталында жалпы практика дәрігерлеріне арналған 5 мыңға жуық бос жұмыс орны бар. Жаңа хабарландырулар күн сайын жарияланып жатыр.

Емханаларда дәрігерлер мен медбикелер жетіспесе, жұмыс істеп жүрген мамандардың жүктемесі арта түседі. Ал мұның түптің түбінде халыққа медициналық көмектің қолжетімділігіне әсер ететіні анық.

Сондықтан емханалардағы алғашқы медициналық көмек қызметін тартымды ету – мемлекеттің міндеті. Алайда қазір атқарылып жатқан шаралар жаңа мамандарды тартудан гөрі, қолда бар кадрларды ұстап қалуға көбірек бағытталған сияқты. Кеше ғана оқу бітірген жастар емханаларда психологиялық және физикалық  тұрғыдан ауыр жұмыс істеп, мардымсыз жалақы алады. Осындай жағдайда олардың бұл салаға келуге ықылас білдіруінің өзі ерлік.

Біз тілдескен мамандардың айтуынша, бәрі де еңбек жолын аз жалақыдан бастаған. Бірақ сол кезеңнен өту үшін жұмыстан тыс уақытта жеке тапсырыспен екпе салып, тіпті көлікпен адам тасып қосымша табыс табуға мәжбүр болған. Өйткені қалай десек те, медицина –  тұрақты салалардың бірі. Мұнда жалақы баяу болса да өсіп отырады. Оның үстіне, еңбекақы да уақытылы төленеді.