×
$
457.09
€
508.42
₽
5.67
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
457.09
€
508.42
₽
5.67

Ең төменгі жалақы өсіп, бизнеске мораторий енгізіледі: ҰЭМ жоспарын таныстырды

Бүгін, 10:11
Ең төменгі жалақы өсіп, бизнеске мораторий енгізіледі: ҰЭМ жоспарын таныстырды
Ulysmedia коллажы

Ұлттық экономика министрлігі халықтың табысын арттыру және кәсіпкерлер үшін жағдайды өзгерту жөніндегі 2027 жылға арналған жоспарын таныстырды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Бизнесте не өзгереді?

Үкімет отырысында ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмрин ведомствоның 2027 жылға арналған жоспарларын таныстырды. Атап айтқанда, министрлік депутаттармен бірлесіп, микро және шағын бизнеске тексеру жүргізуге үш жылдық мораторий енгізу мәселесін пысықтап жатыр. Ол 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді деп жоспарланған.

– Бұдан бөлек, мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектордың сатып алуларына бизнесті тарту тәсілдері жетілдіріледі, – деді Азамат Әмрин.

Орта бизнес үшін Ұлттық экономика министрлігі арнайы даму жоспарын әзірлемек. Кәсіпкерлердің ұзақ мерзімді қаржыландыруға қол жеткізуін жеңілдетіп, өндірісті жаңғыртуға көмектесу көзделген.

Министрлік бизнес өкілдерінің ұсыныстары негізінде Салық кодексіне өзгерістер енгізу жөніндегі түзетулер топтамасын да әзірлеген. Ал ауқатты қазақстандықтар үшін салық мөлшерлемесін көтеру мүмкіндігі халықаралық тәжірибені ескере отырып, әлі де зерттеліп жатыр.

Қазақстандықтардың табысы қалай өзгереді?

Азамат Әмрин 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақы 110 мың теңгеге дейін өсетінін растады.

Ұлттық экономика министрлігі экономикалық өсім мен инфляцияның баяулауы халықтың нақты табысын арттыруға ықпал етеді деп есептейді. Осы мақсатта баға белгілеуге бақылау күшейтіліп, ол тариф саясатына сәйкестендірілмек.

Вице-министр президент айтқан ауқымды құрылыс жоспарына да тоқталды.

– Мемлекет басшысының жолдауында инфрақұрылымды «ауқымды түрде салу» бағыты белгіленді. Осы мақсатта Инфрақұрылымды дамыту қоры құрылды, – деді Азамат Әмрин.

Контекст

Қазір Қазақстанда ең төменгі жалақы мөлшері – 85 мың теңге. Оны 110 мың теңгеге дейін көтеру бұл көрсеткіштің шамамен 29%-ға өсуін білдіреді.

Өзгеріс 1,8 миллион адамның табысына әсер етуі мүмкін. Олардың қатарында бюджет саласының 370 мыңнан астам қызметкері бар.