×
$
446.56
512.34
5.3
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
446.56
512.34
5.3

«Соғыс басталып кете жаздады»: ЖИ АҚШ әскеріне Қытай кемесі туралы жалған мәлімет берген

Бүгін, 17:22
«Соғыс басталып кете жаздады»: ЖИ АҚШ әскеріне Қытай кемесі туралы жалған мәлімет берген
Америка дауысы

АҚШ әскері көктемде Таяу Шығыста жүрген қытайлық кеме ядролық қару бағдарламасына арналған бөлшектерді тасымалдап бара жатыр деген барлау есебін алған. CNN мәліметінше, кейін бұл ақпараттың мүлде жалған екені анықталған. Алайда тексеру аяқталғанша АҚШ кемені тоқтатуға дайындықты бастап үлгерген, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мән-жай

Телеарна дереккөздерінің айтуынша, қаруланған әскери қызметкерлер кемеге мінуге дайын тұрған, ал әскери ұшақтар әуеге көтеріліп те қойған.

Операция басталардан сәл бұрын ғана шенеуніктер барлау мәліметін қайта мұқият тексеруге шешім қабылдаған.

Сонда АҚШ Арнайы операциялар қолбасшылығының сарапшысы жасанды интеллект чат-ботын пайдаланғаны белгілі болды. Ал ЖИ қытайлық кемедегі жүкті қате анықтаған.

CNN мәліметінше, жасанды интеллект алдымен кеменің жүк құжаттарындағы деректерді талдап, ашық дереккөздердегі мәліметтерді АҚШ-тың құпия барлау ақпаратымен біріктірген.

Кейін сарапшы ЖИ-ді тағы бір рет пайдаланған. Бұл жолы қорытындыны барлау есебінің қалыпты үлгісіне түсіру үшін қолданған.

Дайын құжат кейін әскери құрылымдарға таратылған.

Чат-боттың нақты қандай жүкті ядролық бағдарламаға арналған бөлшек деп қате танығаны белгісіз.

«Соғыс басталып кете жаздады»

CNN дереккөздерінің бірі бұл есепті «мүлде жалған» деп атап, оның «соғыс басталып кетуіне аз-ақ қалғанын» айтты.

Қытай кемесіне қарсы кез келген әскери операция Вашингтон мен Бейжің арасындағы қатынасты күрт ушықтыруы мүмкін еді.

Соған қарамастан, Пентагон жасанды интеллектіні қолдану аясын кеңейтіп келеді. ЖИ барлау мәліметтерін талдауда, нысандарды таңдауда, логистикада және басқа да әскери міндеттерде пайдаланылып жүр.

CNN дерегінше, АҚШ-тың әскери және барлау құрылымдарында жасанды интеллект жасаған ақпаратты тексерудің әзірге ортақ стандарты жоқ.

Әртүрлі бөлімдер бөлек құралдар мен қауіпсіздік тәсілдерін қолданады.

Дереккөздер мұндай қателіктер барлау саласында бұған дейін де болғанын айтады.

Телеарна сұхбаттасушыларының бірі бұл қатерді былай сипаттаған:

«ЖИ бұрыс шешімге тезірек келуге мүмкіндік береді».