×
$
447.14
€
499.54
₽
5.46
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
447.14
€
499.54
₽
5.46

Жалақы жайлы жақ ашпайды: Қытай компаниялары қазақстандықтарды жұмысқа қалай тартады

Бүгін, 13:00
Жалақы жайлы жақ ашпайды: Қытай компаниялары қазақстандықтарды жұмысқа қалай тартады
Ulysmedia.kz коллажы

Қазақстанда қытай капиталының қатысуымен құрылған немесе толығымен Қытайға тиесілі шамамен 8,5 мың компания тіркелген. Олардың бәріне жергілікті мамандар қажет. Алайда қазақстандықтарға үйреншікті жұмыс іздеу сайттары арқылы қытайлық компанияларға орналасу оңай емес екен. Сонда оларға жұмысқа тұрудың қандай жолы бар? Ұсынылатын жалақы талапқа сай ма? Ulysmedia.kz тілшісі қытайлық компаниялардың бос жұмыс орындары жәрмеңкесінде осы сұрақтарға жауап іздеп көрді.

ҚЫТАЙЛЫҚ КОМПАНИЯЛАР ҚАНДАЙ МАМАНДАРДЫ ІЗДЕЙДІ?

Қазақстанда қытайлық компаниялар ұйымдастырып жүрген бос жұмыс орындары жәрмеңкесі биыл бесінші рет өтті. Бұған дейін мұндай шаралар шағын залдарда ұйымдастырылса, бұл жолы елордадағы қонақүйдің кең алаңында өтті. Соның өзінде келген жұртқа орын тарлық еткендей көрінді.

– Мұндай жәрмеңкелерден кейін қанша адамның жұмысқа орналасатынын нақты айта алмаймын. Өйткені қытайлық компанияға жұмысқа тұру үшін бірнеше кезеңнен тұратын сұхбаттан өту керек. Бірақ жыл бойы компания өкілдері де, жұмыс іздеп жүрген азаматтар да бізге хабарласып, «Келесі жәрмеңке қашан болады?» деп сұрап жатады. Демек, мұндай шараның нәтижесі бар, – дейді Қытай университеттерінің түлектері қауымдастығының төрайымы Әйгерім Нығметжан.

Былтыр жәрмеңкеге 12 компания қатысса, биыл олардың саны 25-ке жеткен. Олардың арасында CNPC, China CAMC Engineering Co, «Синь-Каз Металл», «Петро Нефтегазсервис» секілді ірі компаниялар бар.

Жұмыс берушілердің көбі инженерлер мен техникалық мамандық иелерін іздейді. Сондай-ақ бухгалтерлер мен аудармашыларға сұраныс жоғары.

ЖҰМЫСҚА ҚАБЫЛДАУДЫҢ ӨЗ ТӘРТІБІ БАР

Әйгерім Нығметжанның айтуынша, мұндай жәрмеңкелерді ұйымдастыруға қытайлық компаниялардың кадр іріктеу ерекшелігі себеп болған.

– Қытай компаниялары қызметкерлерді іздеу үшін бізге таныс онлайн платформаларды сирек пайдаланады. Олар мамандарды тікелей іздегенді жөн көреді. Қазақстанда қытайлық компанияларға жұмысқа орналасқысы келетін азаматтар да, жергілікті қызметкерлерге мұқтаж компаниялар да бар. Бірақ екі тарапты бір-бірімен табыстыру оңай емес. Жәрмеңкенің осындай форматта ұйымдастырылуына осы жағдай себеп болды, – дейді ол.

Оның сөзінше, қытайлық жұмыс берушілер өз еліндегі жоғары оқу орындарының рейтингін жақсы біледі. Ал Қазақстанның университеттері туралы мәліметтері аз. Сондықтан жұмыс тәжірибесі жоқ болса да, рейтингі аса жоғары емес қазақстандық университеттің түлегі жәрмеңкеде беделді жоғары оқу орындарын бітірген үміткерлермен тең дәрежеде бақ сынай алады.

Қытайлық жұмыс берушілер үшін ортақ басты талап – қытай тілін білу. Дегенмен жәрмеңкеде рекрутерлермен онлайн аудармашы арқылы сөйлесіп жүргендер де кездесті. Демек, кейбір мамандықтарда, әсіресе техникалық салаларда, қытай тілін білу міндетті шарт емес.

ҚЫТАЙЛЫҚ ЖҰМЫС БЕРУШІЛЕР НЕ ҰСЫНАДЫ?

Ұлттық статистика бюросының дерегіне сүйенсек, 2025 жылы Қазақстанда қытай капиталы қатысқан компаниялар саны 56 пайызға өскен. Ең жоғары өсім көтерме және бөлшек сауда саласында байқалған. Қазір бұл бағытта 4 мыңға жуық компания жұмыс істейді. Олардың мыңнан астамы былтыр тіркелген.

«Әртүрлі қызметтер» деген жалпы санатқа кіретін компаниялар саны да мыңнан асқан. Өңдеу өнеркәсібі мен құрылыс саласында жұмыс істейтіндердің әрқайсысы шамамен 700-ге жетеді.

Kazakh Invest сарапшылары атап өткендей, Қытай Қазақстанға тікелей шетелдік инвестиция салатын елдер арасында көшбасшы болуға, ал оған қол жеткізбесе, ең ірі үш инвестордың қатарына енуге нық қадам басып келеді.

Жәрмеңкеге қарап-ақ Қазақстандағы көптеген қытайлық компанияның бизнесін енді бастап жатқанын, бірақ алдағы жұмысына қажетті мамандарды қазірден жинауға кіріскенін аңғаруға болады.

Кейбір компаниялар қызметкерлеріне әлеуметтік пакет ұсынатынын айтса, енді бірі іссапар мен вахталық жұмыс мүмкіндігін қарастырады. Алайда барлығына ортақ бір ерекшелік бар: жұмыс берушілер жалақы мөлшерін талқылауға құлықсыз.

– Бәрі маманның біліктілігіне, тәжірибесіне байланысты. Нақты жалақы сұхбат қорытындысы бойынша белгіленеді, – дейді рекрутерлер.

Сұрақты қайта-қайта қойғаннан кейін ғана инженерлерге орта есеппен 1 млн теңге, ал аудармашыларға шамамен 500 мың теңге жалақы ұсынылатынын білдік.

ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАР ҚЫТАЙЛЫҚ КОМПАНИЯЛАРҒА НЕГЕ ҰМТЫЛАДЫ?

Жәрмеңкеге жұмыс іздеп келгендердің арасында студенттер мен қазақстандық жоғары оқу орындарын жақында бітірген жастар көп болды. Сондай-ақ ұлының түйіндемесін алып келген әкеге де жолықтық. Оның баласы Қытай университетінде білім алып жүр екен.

– Ұлым Шанхайда оқиды, жақында оқуын аяқтайды. Осында келіп, қандай жұмыс ұсынылатынын біліп қайтуымды өтінді, – дейді ол.

Жәрмеңкеге келген студенттер әзірге жалақыдан үлкен үміт күтпейтінін жасырмады. Оларға қазір ең алдымен жұмысқа орналасу маңызды. Жұмыс қызықты болып, қытай тілін тәжірибе жүзінде қолдануға мүмкіндік берсе, тіпті жақсы. Оның үстіне жалақы төленсе, құба-құп.

– Университетті енді ғана бітірдік. Жай ғана жұмысқа орналасу емес, болашақта табысты мансап құруға мүмкіндік беретін жұмыс тапқымыз келеді. Тіпті ақысыз тағылымдамадан өтуге де дайынмын. Ал жалақыға келсек, шамамен 200 мың теңге күтетін шығармын, – дейді үміткерлердің бірі.

Ал жәрмеңкеге келгендердің кейбірі бұдан жоғары жалақыға үмітті.

– Бұған дейін қытайлық компанияда жұмыс істедім. Астанадағы LRT құрылысына қатыстым. Маған ол тәжірибе қатты ұнады. Қытайлықтардың өзіндік жұмыс істеу мәдениеті бар: бәрін нақты әрі тиянақты орындайды. Олармен тіл табысу маған қиын емес, – дейді Мике Юсуф.

Ол бұрынғы жұмыс орнында айына 900 мың теңгеден сәл артық жалақы алған. Сондықтан жаңа жұмыс орнынан да соған сай ұсыныс күтеді.

Мике жәрмеңкеге әйелі мен кішкентай баласын ертіп келген. Мұны моральдық қолдау үшін жасағанын айтады. Ал сәби болса, анда-санда рекрутерлермен және басқа келушілермен «тілдесуге» тырысып жүрді.

Тағы бір үміткердің айтуынша, қытайлықтар үшін отбасы құндылықтарын бағалау да үміткердің артықшылығы болуы мүмкін. Сондықтан ол Микенің жәрмеңкеге әйелі мен кішкентай баласын ертіп келгенін құп көрді.

– Қытайда дүниеге келдім. Кейін отбасымызбен тарихи отанымызға көшіп келдік. Содан бері өмірімде бірнеше рет қытайлық компанияларда жұмыс істеу мүмкіндігі болды. Олардың мәдениеті маған жақын, тілді де жақсы білемін. Ендеше осы артықшылықтарымды неге пайдаланбасқа? – дейді Мария есімді үміткер.

Оның айтуынша, қазақстандық жұмыс берушілер де қытайлық компаниялардан кем емес. Әсіресе бастапқы қызметтердегі жалақы мөлшері екі жақта да шамалас. Алайда Мария алдағы уақытта Қазақстанда қытайлық корпорациялардың өкілдіктері көбейіп, халықаралық мансап құруға мүмкіндік арта түседі деп есептейді.

– Қытайлықтар тәртіп пен тапсырманы мүлтіксіз орындауды жоғары бағалайды. Шетелдік үміткердің түйіндемесінде басқа қытайлық компанияларда жұмыс істегені көрсетілсе, бұл олар үшін маңызды белгі. Мұндай адамға жауапты қызмет тапсыруға, тиісінше жоғары жалақы белгілеуге болады деп қарайды, – дейді Мария.

Оның пікірінше, қытайлық жұмыс берушілердің жалақыны бірден айтудан тартынуының бір себебі де осында. Өйткені түпкілікті ұсынылатын сома Қазақстандағы осыған ұқсас қызметтердің орташа жалақысынан әлдеқайда жоғары болуы мүмкін. Бірақ үміткердің мұндай жалақыға лайық екенін жәрмеңкедегі рекрутер емес, компанияның жоғары лауазымды басшылары шешеді. Сондықтан қытайлық компанияға түйіндеме тапсыратын адам жұмыс берушінің өзі бастамайынша жалақы туралы әңгіме қозғамағаны жөн.

Сізге қызық болуы мүмкін