×
$
445.65
508.71
5.3
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
445.65
508.71
5.3

Фельдшердің өлімі: прокурор МИБ төрайымының бас бостандығын екі жылға шектеуді сұрады

Бүгін, 12:45
Фельдшердің өлімі: прокурор МИБ төрайымының бас бостандығын екі жылға шектеуді сұрады
Ulysmedia коллажы

Айыптау тарапы сотталушы қауіпті қасбетті тексеруді ұйымдастырмаған деп есептейді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Прокурор Астанада фельдшер Ұлдана Мырзуанның өліміне қатысты іс бойынша МИБ төрайымы Сәуле Жұбаниязоваға екі жыл бас бостандығын шектеу жазасын тағайындауды сұрады. Сонымен қатар айыптау тарапы Жұбаниязованы үш жыл бойы кондоминиумдарды басқару қызметімен айналысу құқығынан айыруды сұрады.

Прокурор не деді?

Астанада тараптардың жарыссөзі басталды. Мемлекеттік айыптаушы Саяжан Серікова қайғылы оқиғаның мән-жайын еске салды.

– 2025 жылғы 8 қараша бірнеше адам үшін кәдімгі сенбі күнінен «дейін» және «кейін» деп бөлінген күн болды. Тұрғын үйдің қасбетіндегі қаптама қабаты опырылып, адамдар оның астында қалды. Зардап шеккендерге көмек көрсету үшін фельдшерлер Мырзуан Ұлдана мен Байзақова Дильназ жақындаған. Сол сәтте қасбет қайтадан опырылды. 23 жастағы Мырзуан ауыр ашық бас-ми жарақатын алып, кейін қайтыс болды, – деді прокурор.

Серікова Ұлдананың кондиционерден емес, қасбет қаптамасының бөлшектері соғылып қаза болғанын атап өтті. Бұған дейін оның кондиционердің астында қалғаны туралы ақпарат тараған еді.

Прокурордың айтуынша, МИБ төрайымы Жұбаниязова қасбетті тексеруді ұйымдастырмаған және қауіпті учаскелерді анықтамаған.

– МИБ төрайымы мүлікті басқаруды оның қауіпсіз сақталуы мен пайдаланылуын қамтамасыз ететіндей етіп ұйымдастыруға міндетті, – деді мемлекеттік айыптаушы.

Айыптау тарапы сотталушының қылмысты қасақана емес, абайсызда жасағанын санайды.

– Сәуле Жұбаниязованы ҚР ҚК-нің 254-бабында (адам өліміне әкеп соққан міндеттерге адал қарамау) көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп тануды және оған екі жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасын тағайындауды, сондай-ақ үш жыл бойы кез келген кондоминиум нысанын басқаруға байланысты қызметпен айналысу құқығынан айыруды сұраймын, – деді прокурор Саяжан Серікова.

Неліктен құрылыс компаниясы жауапқа тартылмады?

Құрылыс компаниясына қатысты іс тоқтатылған. Прокурордың түсіндіруінше, үй салынған және пайдалануға берілген кезде адам өліміне әкеп соққан сапасыз құрылыс үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылмаған.

Кепілдік мерзімдері өтіп кеткен. Құрылыс салушы 2022 жылы қайтыс болған, ал үйдің жобалық құжаттары табылмаған.

Үй пайдалануға берілгеннен кейін оның жағдайын бақылау және жөндеу жұмыстарын ұйымдастыру міндеті пәтер иелері мен басқару органына өткен.

Жәбірленушілердің талаптары

Жәбірленушілер Жұбаниязовадан 45 миллион теңгеден астам қаражат өндіруді талап етті.

Гүлнәр Қалиеваның өкілі моральдық зиян үшін 10 миллион теңге өндіріп беруді сұрады. Сотта оның мүгедектігі туралы анықтамасы және еңбекке қабілеттілігін 50 пайызға жоғалтқаны туралы құжат ұсынылды.

Тағы бір талапты Айнұр Нұрпейісованың тарапы берген. Ол моральдық өтемақы ретінде 35 миллион теңге, материалдық шығын үшін 322 554 теңге және есту аппараттарына 960 мың теңге төлеуді сұрады.

Сонымен қатар Нұрпейісова соттан Жұбаниязованы өмір бойы әр екі жыл сайын есту аппаратын ауыстыруға 960 мың теңгеден төлеуге міндеттеуді сұрады.

Сотталушы талап-арыздарды мойындамады.

Істің мән-жайы

Бұған дейін сотта құрылыс сарапшысы Вероника Лобаева сөз сөйлеген еді. Сарапшының айтуынша, жоба бес қабатты үйге есептелгенімен, ғимарат тоғыз қабатты болып салынған.

Құрылысшылар армобелдеулер жасамаған, сапасы төмен ерітінді мен сынған кірпіштерді пайдаланған.

Сарапшының айтуынша, қасбетті уақытында жөндеудің өзі ғимараттың бастапқы құрылымдық ақауларының орнын толтыра алмас еді.

Ұлдана Мырзуанның өліміне қатысты сот процесі 18 тамызда басталды. Жұбаниязова өз кінәсін мойындамайтынын мәлімдеді. Оның айтуынша, ол жұмысқа кіріскен кезде тұрғындар мен МИБ бұрынғы басшылығы үйге қатысты ешқандай мәселе бойынша шағымданбаған.