×
$
443.62
€
492.24
₽
5.36
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
443.62
€
492.24
₽
5.36

Болат Өтемұратов Қоры Globee® Awards for Impact халықаралық сыйлығының екі алтын жүлдесін иеленді

Бүгін, 10:11
Болат Өтемұратов Қоры Globee® Awards for Impact халықаралық сыйлығының екі алтын жүлдесін иеленді
Болат Өтемұратов Қоры

Болат Өтемұратов Қоры Globee®️ Awards for Impact 2026 халықаралық сыйлығының екі алтын жүлдесіне ие болды. Сонымен қатар екі номинация бойынша да Best of Category мәртебесіне, яғни өз санаттарындағы барлық қатысушылар арасында ең жоғары нәтижелерге қол жеткізді.

Қор марапаттың біріншісін «Қоғамға қызмет ету және мемлекеттік маңызы бар міндеттерді шешуге үлес қосу саласындағы жетістіктер» (Achievement in Public Service & Government Impact) номинациясы бойынша Қазақстанның инклюзивті білім беру ұлттық жүйесіне аутизм спектрінің бұзылысы бар балаларды қолдау тетіктерін жүйелі түрде енгізгені үшін иеленді.

2015 жылдан бері Қор «Аутизм. Баршамызға бір әлем» бағдарламасын және «Асыл Мирас» Аутизм орталықтары желісін дамытып келеді. Бүгінде Қазақстанның 12 қаласында 13 Аутизм орталығы жұмыс істейді. 17,5 мыңнан астам аутизм спектр бұзылысы (АСБ) бар бала арнайы қолдау алды, 300-ден астам маман даярлықтан өтті. Қор балалар мен олардың отбасыларына тікелей қолдау көрсетумен қатар, кәсіби сараптаманы дамытуға, ғылыми дәлелдерге негізделген тәсілдерді енгізуге және инклюзивті білім беру тәжірибесін кеңейтуге ықпал етіп келеді.

Екінші алтын марапат Қорға «Жергілікті қауымдастықтармен өзара іс-қимыл саласындағы жетістіктер және жергілікті деңгейдегі ықпал» (Achievement in Community Outreach & Local Impact) номинациясы бойынша табысталды. Бұл марапат 2025-2026 жылдары жүзеге асырылған, әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту, жергілікті қауымдастықтарды қолдау және инклюзивті бастамаларды ілгерілету бағыттарын қамтитын тұрақты әрі таратылатын шешімдер үшін берілді.

Globee® Awards – 2003 жылы Кремний алқабында негізі қаланған халықаралық сыйлық. Globee Awards for Impact байқауы қоғамда, жергілікті қауымдастықтарда, ұйымдарда және салалардың дамуында нақты әрі өлшенетін өзгерістерге қол жеткізуге ықпал ететін жобаларды жүзеге асырған ұйымдарды, командалар мен кәсіби мамандарды марапаттайды. Өтінімдерді тәуелсіз халықаралық сарапшылар он балл шкаласы бойынша бағалайды. Алтын жүлдеге ие болу үшін өтінім орта есеппен 10 балдың кемінде 8,5-ін жинауы тиіс. Ал Best of Category мәртебесі өз санатында ең жоғары баға алған өтінімге беріледі. Бұған дейін Globee сыйлығының түрлі номинациялары бойынша SAP, Lenovo, IBM және басқа да ірі халықаралық компаниялар жеңімпаз атанған.

– Бүгінде қайырымдылық қызметі көрсетілген көмектің көлемімен ғана емес, оның нәтижесінде қандай тұрақты өзгерістерге қол жеткізілгенімен де бағалана бастады. Қор үшін жобаларымыздың қолданыстағы жүйелерді нығайтуы, кәсіби сараптаманы дамытуы және ұзақ мерзімді келешекте тиімді жұмыс істеп, ауқымын кеңейте алатын үлгі қалыптастыруы айрықша маңызды. Дәл осындай тәсіл жеке қайырымдылықтың ел дамуына нақты үлес қосуына мүмкіндік береді, – деп атап өтті Болат Өтемұратов Қоры Қамқоршылар кеңесінің төрағасы Алмаз Шарман.

Globee® Awards марапаттары Қордың кейінгі жылдары алған халықаралық және кәсіби деңгейдегі жетістіктерінің қатарын толықтырды. 2025 жылы Қор EUROBAK Awards сыйлығының бірден екі номинациясы бойынша жеңімпаз атанды. «Корпоративтік және әлеуметтік жауапкершілік» номинациясында 2025 жылдың наурыз айында Қосшы қаласының тұрғындарына есігін айқара ашқан көпфункционалды қоғамдық мәдени-спорт орталығын құруға бағытталған Қор жұмысы жоғары бағаланды. Екінші марапат Қорға аутизм туралы ақпарат тарату айлығы аясында жүзеге асырылған ауқымды іс-шаралар жүргізгені үшін берілді: қоғамның аутизм туралы білімін арттыру, инклюзия қағидаттарын ілгерілету және АСБ бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға қолдау көрсету. Ал 2024 жылы EUROBAK Қордың Қызылорда қаласында жаңа әуежай терминалын салып Қазақстан инфрақұрылымын дамытуға қосқан үлесін атап өтті.

2025 жылы Қазақстандағы Америка сауда палатасы (AmCham) «Аутизм. Баршамызға бір әлем» бағдарламасы үшін Қорды «Денсаулық сақтау» номинациясы бойынша марапаттады. Ал 2024 жылы Қор жүйелі қайырымдылық қызметі мен Қазақстанның әлеуметтік дамуына қосқан үлесі үшін «Қоғамға қызмет ету» номинациясы бойынша марапатқа ие болды.

– Біз үшін бұл марапаттар Қор жұмысының халықаралық деңгейде мойындалуы ғана емес, сонымен қатар Қазақстанда жүйелі қайырымдылық мәдениетінің қалыптасып, кемелдене түскенінің дәлелі. Кейінгі жылдары біз кәсіби марапаттарға үміткер ретінде қатысудан бастап, оларды сарапшы деңгейінде бағалауға қатысуға дейін жеттік. 2026 жылдан бастап Қор өкілдері EUROBAK және AmCham марапаттарының қазылар алқасы құрамына енді. Біз жинақтаған тәжірибемізді бөлісіп, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі мен ел дамуына қосқан үлесінің озық үлгілерін анықтауға атсалысып келеміз. Біз үшін өз жобаларымызды жүзеге асырумен қатар, Қазақстанда тұрақты әрі жауапты қайырымдылық мәдениетін дамытуға үлес қосу да маңызды, – деп атап өтті Болат Өтемұратов Қорының Бас директоры Айнұр Кәрібозова.

Болат Өтемұратов Қоры 2014 жылы қазақстандық кәсіпкер әрі меценат Болат Өтемұратовтың бастамасымен құрылған. Қор денсаулық сақтау, білім беру, қоршаған ортаны қорғау, мәдениет, инклюзия және өңірлік даму салаларындағы қайырымдылық бастамаларын жүзеге асыруға 250 миллион АҚШ долларынан астам қаражат бөлді. Сонымен қатар Қор табиғи апаттардан зардап шеккендерге көмек көрсетіп, өңірлерде заманауи әлеуметтік және қоғамдық инфрақұрылым нысандарын құруға қолдау білдіреді.

Сізге қызық болуы мүмкін