Қазақстанда білім берудегі теңсіздікті азайтуға бағытталған жобалардың бірі – Teach for Qazaqstan. Ұйым түрлі саладан мамандарды іріктеп, оқытып, оларды өңірлік мектептерде жұмыс істеуге дайындайды. Бағдарлама қатысушылары педагогикалық қайта даярлықтан өтіп, мектептегі қызметі кезінде әдістемелік, кураторлық және коучингтік қолдау алады. Teach for Qazaqstan 2023 жылдың мамырында халықаралық Teach For All желісінің толыққанды серіктесіне айналды. Бағдарламаға Freedom Holding Corp. компаниясы демеушілік қолдау көрсетіп келеді.
Білім сапасы мәселесі тек мектеп пен мұғалімге қатысты емес. Оған отбасының ұстанымы, ата-ананың баланың оқуына қаншалықты араласатыны да тікелей ықпал етеді. Teach for Qazaqstan амбассадоры, педагог-тренер Ескендір Бестайдың пікірінше, білім саласындағы оң өзгерістердің нәтижесін тежеп отырған факторлардың бірі – ата-ананың мектеп өміріне немқұрайлы қарауы.
ЖЕТІСТІККЕ ЖЕТКЕН БАЛАНЫҢ АРТЫНДА КІМ ТҰР?
Түрлі халықаралық олимпиаданың жеңімпазы немесе қандай да бір академиялық жетістікке жеткен оқушы туралы ақпарат тараса, көпшіліктің ойына бірден «бұған кім себеп болды?» деген сұрақ келеді. Кім оқытты? Қайда оқыды? Кімнің баласы? Кейде баланың жетістігіне қатысты «талақан көрпе тартыс» та көз көріп жүр.
Алайда кез келген жетістіктің артында бір ғана себеп немесе бір ғана адам тұрмайды. Мектептегі нәтиже де көптеген фактордың үйлесімінен қалыптасады. Оқушының академиялық, әлеуметтік және тұлғалық дамуын бір ғана білім реформасының, мектеп басшылығының, мұғалімнің немесе оқу ортасының нәтижесі деп түсіндіру қиын.
Ескендір Бестай мұны қысқа ғана нақылмен түйіндейді:
«Жеңістің әкесі көп. Ал жеңіліс жетім».
Оның айтуынша, елде білім сапасын арттыру үшін түрлі шара жүзеге асырылып жатыр. Миллиардтаған қаржы жұмсалатын реформалар енгізіліп, жаңа заңдар қабылданып, мұғалімдер жаппай оқытылып жатқанына қарамастан, айтарлықтай оң өзгерісті сезіну қиын.
Сарапшы мұның себебін бір ғана фактордан іздеуге болмайтынын айта отырып, білім сапасын арттыруға бағытталған күштердің әсерін әлсірететін маңызды фактордың бар екенін атап өтеді. Ол – ата-ананың немқұрайлығы.
АТА-АНАНЫҢ 45 ПАЙЫЗЫ ҒАНА МЕКТЕП МӘСЕЛЕСІН БАЛАСЫМЕН ТҰРАҚТЫ ТАЛҚЫЛАЙДЫ
Ескендір Бестай келтірген дерекке сүйенсек, ата-анасымен мектеп мәселесін және оқу үлгерімін тұрақты талқылайтын оқушылардың үлесі небәрі 45 пайыз шамасында. Дегенмен сарапшы бұл көрсеткіштің өзін сапалы сұхбат пен саналы араласудың толық көрінісі деп қабылдауға болмайтынын ескертеді. Себебі аптасына бір рет баласынан «Сабағың қалай?» деп сұраған ата-ана да осы статистикаға енуі мүмкін.
Ал ата-ана –баланың алғашқы ұстазы. Педагогтың пікірінше, баланың мектепті, мұғалімді және жалпы оқу процесін қалай қабылдауына ата-ананың ықпалы зор.
«Ата-ана белсенділігі оқу үлгеріміне ғана емес, оқу-үйрену ісінің құндылықтар жүйесіндегі орнына да әсер етеді. Бұған түрлі зерттеу мен тәжірибелер дәлел. Айталық, ата-анасы мұғалімнің сұрауынсыз өз бетімен оқуына қатысқан баланың академиялық үлгерімінен бөлек, бейімделуі жақсы және өзіне деген сенімі жоғары болғаны анықталды», – дейді Ескендір Бестай.

БАҚЫЛАУ МЕН ҚАМҚОРЛЫҚТЫҢ ДА ШЕГІ БАР
Ата-ананың бала оқуына араласуы керек екен деп, оның әр қадамын бақылауға алу да дұрыс емес. Сарапшы бұл жерде екінші шекке кетуден сақтану қажеттігін айтады. Оның сөзінше, ата-ананың бала оқуына шамадан тыс араласуы, яғни микроменеджментке айналған жаппай бақылау оқушының оқу ынтасына да, мұғалімнің жұмыс тиімділігіне де кері әсер етуі мүмкін.
Сондықтан ата-ананың міндеті – баланың әрбір қадамын тексеру емес, оның оқу процесінен хабардар болып, қажетті жерде қолдау көрсету. Ескендір Бестай ата-ана белсенділігінің ең төменгі деңгейін баламен жүйелі түрде сөйлесуден бастауға болады деп санайды.
«Баламен күнделікті болмаса да, аптасына бір мәрте жүйелі жоспар-есеп күйінде сұқбаттасу ата-ана белсенділігінің минимумы. Гигиена деңгейі дер едім», – дейді ол.
Одан кейін ата-ананың міндеті мектеп жиналыстарынан қалмау, мектепішілік шараларға араласу, ең жоғары деңгейде мұғаліммен жеке коммуникация орнатып, баланың даму траекториясына үлес қосуға дейін жалғасады.
Алайда мұның бәрінде негізгі мақсат өзгермеуі керек. Яғни ата-ананың мектеп өміріне араласуы ең алдымен баланың мүддесі үшін жасалуы тиіс.
«САБАҒЫҢ ҚАЛАЙ?» ДЕГЕН СҰРАҚТЫҢ ӨЗІ ЖЕТКІЛІКСІЗ
Баламен оқу туралы сөйлескенде де ата-ананың сұрақ қою тәсілі маңызды. «Қай пәннен не берді? Не істедің? Қанша алдың?» деген сұрақтар сырттай қарағанда оқу үлгеріміне қызығушылық танытқандай көрінгенімен, Ескендір Бестай мұндай қарым-қатынастың тым құрғақ әрі саяз екенін айтады. Оның пікірінше, мұндай сұрақтар ата-ана мен баланың әңгімесінен гөрі кезекті тексерушінің тергеуіне көбірек ұқсайды.
«Контенттен гөрі контекстке үңілейік. Бала не сезінді? Нені қалады? Нені уайымдады? Неден қорықты? Не себепті олай жасады? Бұл қарапайым әрі терең қарым-қатынас. Дұрыс сұқбат құру арқылы бізге баланың бізге ұнайтын әрекеті ғана емес, баланың өзі – тұлғасы өзекті екенін дәлелдейміз», – дейді педагог.
АТА-АНА МЕН МҰҒАЛІМ БІР-БІРІН ТЕК ҚИЫНДЫҚ ТУҒАНДА ТАНЫМАУЫ КЕРЕК
Отбасы мен мектеп арасындағы коммуникацияның сапасы көптеген кикілжіңді уақытында әрі сауатты шешуге және түсініспеушіліктің алдын алуға мүмкіндік береді.
Алайда шынайы өмірде ата-ана мен мұғалімнің бір-бірімен жағымсыз жағдайда танысып жататын кездері аз емес. Балаға қандай да бір зиян келгенде, оқыс оқиға болғанда немесе жағдай әбден ушыққанда ғана байланыс орнату – тиімді коммуникация құруға кедергі.
Сарапшы мұны екі жардың екі жағында тұрып, араға көпір сала алмаумен салыстырады. Оның пайымынша, ата-ана мен мұғалімнің байланысы проблема пайда болғаннан кейін емес, оған дейін қалыптасуы керек. Өйткені балаға қатысты ортақ жауапкершілік күтпеген жағдай туғанда ғана емес, күнделікті оқу процесінде де сезілуге тиіс.
«ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ҮШТІК ОДАҚ» НЕГЕ ҚАЛЫПТАСПАДЫ?
Бестай ата-ана, мұғалім және бала арасындағы өзара байланысты шартты түрде педагогикалық үштік одақ деп қарастырады.
«Теория бойынша ата-ана баланы үйретіп, мұғалім балаға сауатты кері байланыс беріп, ал ата-ана мен мұғалім өзара тиімді коммуникация құруы керек еді. Практикаға асыра алмадық. Енді ертеңіміз кешегіден өзгеше болуы үшін аталмыш одақ аясындағы міндеттерімізді жаңарту керек деп ойлаймын», – дейді Ескендір Бестай.
АТА-АНАНЫҢ НЕГІЗГІ МІНДЕТІ – БАЛАНЫҢ ОҚУҒА ЫНТАСЫН ОЯТУ
Бестай ата-ананың бүгінгі басты жұмыстарының бірін баланың оқу ынтасын қалыптастыру және сақтау деп санайды. Яғни мәселе баланы күн сайын сабақ оқытуда ғана емес. Оның білуге деген қызығушылығын қайта-қайта оятуда, тыңдауда және таңдау жасауға мүмкіндік беруде.
«Күнде қайраты бар, білуге құлшынып тұрған оқушыны жасау. Күнде қайта тұтандыру. Күнде тыңдау. Күнде таңдау беру. Бізге тәуелді емес, бізден дербес болуына қызмет ету», – дейді сарапшы.
Бұл жерде ата-ана қысқа мерзімді нәтиже беретін алдамшы стимулдарға тым сүйеніп кетпеуі керек. Бестай оқу ынтасын қалыптастыру мәселесінде ғылымға, зерттеуге және тәжірибеге сүйеніп, асықпай, стратегиялық мақсаттарға ұмтылу маңызды екенін атап өтеді.
ҮЛКЕН ТАЛАПТАН БҰРЫН ШАҒЫН ҚАДАМ ҚАЖЕТ
Сарапшы тәжірибеде нәтиже берген екі негізгі әдісті үйренуден бастауға болады деп есептейді. Оның біріншісі – талапты біртіндеп күшейту. Қандай да бір дағдыны қалыптастырғанда асықпай талап қою баланың зиянсыз дамуына мүмкіндік береді. Бірден үлкен мақсат қою міндетті емес. Керісінше, қолжетімді істерден бастау қажет.
Ескендір Бестайдың айтуынша, іскерлік сенімділіктің қалыптасуы үшін адамға өзінің істей алатын ісін сәтті түрде бірнеше рет қайталап көру маңызды. Ол мұнда «жиырма рет» деген нақты мысал келтіреді.
Екінші маңызды тәсіл – позитивті байқау.
Яғни ата-ана баланың жасаған ісінен тек қатені іздемей, керісінше, қайталауға лайық, мақтауға тұрарлық қырына назар аударуы керек.
Бұл баланың қателігін елемеу деген сөз емес. Мәселе – баланың әр әрекетін тек кемшілігі арқылы бағаламауда.

НЕМҚҰРАЙЛЫ АТА-АНА МҰҒАЛІМНІҢ ЖҰМЫСЫН ДА ҚИЫНДАТАДЫ
Ата-ананың мектеппен байланысы әлсіз болған кезде оның салмағы тек балаға түспейді. Мұндай жағдайда мұғалімнің де міндеті көбейеді.
Ескендір Бестайдың пікірінше, мемлекеттік мектеп болсын, жекеменшік мектеп болсын, ата-ананың немқұрайлығы білім беру ұйымын қосымша мәселелермен айналысуға мәжбүр етеді.
Оның айтуынша, бүгінде кей мұғалім баланы оқытып, оның тұлғалық тұғырын қалыптастырудың орнына ата-ананың көңілін аулауға немесе баланың мәселесін шешуге көп уақыт жұмсауға мәжбүр. Сондықтан сарапшы ата-ана немқұрайлығы мұғалімнің кәсіби біліктілігінің тиімділігін де төмендетуі мүмкін деп есептейді.
Осы тұста ол педагогика саласындағы белгілі ойды мысалға келтіреді:
«Мұғалім тек ата-анамен бірге жұмыстану арқылы ғана балаға баянды бақыт бере алады».
Яғни мұғалімнің кәсіби әлеуеті қаншалықты жоғары болғанымен, отбасы тарапынан қолдау мен түсіністік болмаса, оның мүмкіндігі толық ашылмауы ықтимал.
МЕКТЕП – ЖАЛҒЫЗ ЖАУАПТЫ ТАРАП ЕМЕС
Білім беру ісін мектеп пен мұғалімнің ғана міндеті ретінде қабылдау дұрыс емес. Сарапшының пайымынша, білім беру – ата-ананың да жауапкершілігі. Әр тараптың рөлі әртүрлі болғанымен, көздеген мақсаты ортақ.
Бестай бұл байланысты қарапайым мысалмен түсіндіреді:
«Елестетіңізші, ата-ана кірпіш зауыты. Кірпіштің саны мен сапасына жауаптымыз. Мұғалім құрылыс басшысы, қандай ғимарат архитектурасына жауапты. Кірпіш аз, сапасыз болса не болады? Білікті сәулетшінің өзі шарасыз ғой».
Бұл жерде ата-ананың міндеті баланың барлық оқу процесін өз қолына алу емес. Керісінше, мектепте берілетін білім мен тәрбиенің берік негізі болатын ортаны үйде қалыптастыру.
БІЛІМ БЕРУДІҢ БАСТЫ ӨНІМІ – ТҰЛҒА ТӘРБИЕЛЕУ
Білім сапасы туралы сөз болғанда мәселені ҰБТ нәтижесімен, сабақ үлгерімімен немесе бағамен ғана шектеу оңай. Алайда Ескендір Бестай білім берудің түпкі нәтижесін бұдан әлдеқайда кең ұғым ретінде қарастырады.
«Білім беруді ҰБТ, сабақ және бағамен шектемейік. Білім берудің басты өнімі – тұлға тәрбиелеу. Бұл ұзақ, үздіксіз және ата-ананың атсалысуынсыз жүрмейтін құбылыс. Ата-ана белсенділігі мектеп аясындағы оқу нәтижесін еселеп қана қоймай, баланың биік мақсатқа ұмтылатын тұлға болуының тұғыры да», – деп түйіндеді маман.
Айта кетейік, қазір Teach for Qazaqstan бағдарламасына жаңа қатысушыларды қабылдау жүріп жатыр. Білім беру саласына үлес қосып, өңірлік мектептерде жұмыс істегісі келетіндер бағдарламаға қатысуға мына сілтеме арқылы өтініш бере алады.