×
$
441.77
€
502.38
₽
5.23
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
441.77
€
502.38
₽
5.23

«Бұл жерде көпқабатты үй салынбайды»: Петропавл әкімдігі тұрғындарға жауап берді

Бүгін, 16:02
«Бұл жерде көпқабатты үй салынбайды»: Петропавл әкімдігі тұрғындарға жауап берді
freepic

Петропавл әкімінің орынбасары Сергей Мелехов тұрғындарға аулаға көпқабатты үй салынбайтынын айтты. Қазір билік жер телімінің сатылуы заңды ма, соны тексеріп жатыр. Ал құрылыс компаниясына орнатқан қоршауларын алып тастау талап етілді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Таңертең Сүтюшин көшесі, 18 мекенжайындағы аула тұрғындары тығыз құрылысқа қарсы шығып, наразылық білдірген.

Түстен кейін оқиға орнына қала әкімінің орынбасары келіп, тұрғындарға пікір білдірді.

Оның айтуынша, даулы жер теліміне қатысты барлық құжат Жер ресурстарын басқару департаментіне тексеруге жіберілген.

Қазір билік жердің қандай негізде сатылғанын және бұл мәміле заң талаптарына сай жасалды ма, соны анықтап жатыр.

— Сәулет-жоспарлау тапсырмасы бекітілген жоқ, құрылысқа рұқсат та берілген жоқ. Тұрғындарды сабырға шақырғым келеді. Алаңдауға негіз жоқ, бұл жерде көпқабатты тұрғын үй салынбайды, — деді Мелехов.

Ол жер заңсыз сатылғаны анықталса, мәміле жойылатынын айтты.

Ал сату заңды болып шыққан жағдайда билік басқа шешім жолдарын қарастырады. Бірақ бұл аумақта құрылыс жүргізуге бәрібір жол берілмейді.

Қоршау мен газгольдер

Мелехов құрылыс компаниясы орнатқан қоршаулар газгольдерге баратын жолды жауып тастағанына да назар аударды.

Әкім орынбасары компания өкілдерімен кездесіп, бұл мәселені талқылайтынын айтты.

Контекст

Бұған дейін бүгін Астанадан келген «АБК Проект» компаниясының өкілдері көпқабатты үйлердің ауласына келіп, қоршау орнатып, аумақтың жеке меншік екенін мәлімдегені туралы жазған едік.

Осыдан кейін 600 пәтердің тұрғындары құрылысқа қарсы шыққан.

Бұл аумақта осыған ұқсас құрылыс жобасын жеті-сегіз жыл бұрын да бастауға әрекет жасалған. Алайда сол кезде прокуратура жердің заңсыз сатылғанын анықтап, мәмілені жойған.