×
$
441.77
€
502.38
₽
5.23
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
441.77
€
502.38
₽
5.23

«Додо Пицца» жүйесіне шабуыл жасалды: деректер де тарауы мүмкін

Бүгін, 14:13
«Додо Пицца» жүйесіне шабуыл жасалды: деректер де тарауы мүмкін
2gis

Хакерлер «Додо Пицца» жүйесіне шабуыл жасады. Қазақстандағы тұтынушылардың деректері де тарап кетуі мүмкін. Компания Астанада тіркелген және барлық елде бірыңғай цифрлық платформа арқылы жұмыс істейді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

«Додо Пицца» желісі 28 қыркүйекте өзінің IT-жүйесіне кибершабуыл жасалғанын мәлімдеді.

Компанияның мәліметінше, хакерлер тұтынушылардың аты-жөніне, мекенжайына, электрон поштасына, телефон нөміріне, туған күніне және тапсырыс тарихына қол жеткізуі мүмкін.

Компания төлем деректерін сақтамайтынын, сондықтан оларға қауіп төнбегенін хабарлады.

— Қаскөйлердің жүйеге кіруіне тосқауыл қойылды, ішкі тексеру жалғасып жатыр. Егер аккаунтыңыздан автомат түрде шығып қалсаңыз, алаңдамаңыз. Бұл — есептік жазбаларды қорғауға арналған шаралардың бірі, — деп хабарлады компания.

Деректер қаншалық көп тарауы мүмкін?

Baza Telegram-арнасының мәліметінше, хакерлердің қолына кейінгі 15 жылдағы әртүрлі елден жиналған шамамен 68 млн тұтынушының дерекқоры түсуі мүмкін.

Олардың 53,1 миллионы кемінде бір рет тапсырыс берген.

Сондай-ақ, дерекқорда шамамен 860–870 млн тапсырыс туралы ақпарат бар екені айтылады.

«Додо Пицца» бұл сандарды әзірге растаған жоқ.

Компания шабуылдың Ресейден тыс елдердегі, оның ішінде Қазақстандағы тұтынушыларға әсер еткен-етпегенін де нақтыламады.

Сонымен қатар, «Додо Пицца» барлық елдегі мейрамханаларды, CRM жүйесін, логистиканы және желінің өзге де қызметтерін біріктіретін Dodo IS бірыңғай цифрлық платформасын пайдаланады.

Қазақстанның бұған қандай қатысы бар?

Қазақстанда «Додо Пиццаның» шамамен 130 пиццериясы жұмыс істейді.

2025 жылғы маусымда Dodo Brands басқарушы компаниясы Британдық Виргин аралдарынан «Астана» халықаралық қаржы орталығына көшкен.

Сол кезде компания Қазақстанды таңдаған себебін мұнда топтың корпоратив кеңсесі орналасқанымен және халықаралық бизнестің едәуір бөлігі осы елде жүргізілетінімен түсіндірген.

Контекст

Бұған дейін Ақпараттық қауіпсіздік комитеті Daryn.online білім беру платформасының 4,2 млн қолданушының деректері тарады деген ақпаратты тексерген.

Тексеру ауқымды деректер таралымын растамады. Жүйеде шамамен 90 мың жазба ғана болған.

Дегенмен деректерді қорғау саласында заңбұзушылықтар анықталып, компанияға айыппұл салынды.

Еске салайық, киберқауіпсіздік мамандары жыл басында-ақ деректердің сыртқа тарауы қазақстандық бизнеске үлкен шығын келтіріп, тіпті банкротқа дейін апаруы мүмкін екенін ескерткен.

Қазақстандықтардың дербес деректері мемлекеттік базалардан да, жеке сервистерден де ара-тұра сыртқа шығып жатады.