Кейінгі бір аптада X әлеуметтік желісі Түркияда журналистер, экономистер, оқытушылар және басқа да қоғамға танымал тұлғалардың 500-ге жуық аккаунты бұғатталды. Елдегі интернет бұғаттауларын қадағалайтын EngelliWeb жобасы шектеулер туралы хабарлады. Оның мәліметінше, мұндай шешімдер ұлттық қауіпсіздік пен қоғамдық тәртіпке сілтеме жасалған сот қаулылары негізінде қабылданған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Мән-жай
Bloomberg мәліметінше, бұл бұғаттаулар Түркияның әлеуметтік желілерінде инвестициялық қорлар дағдарысы қызу талқыланып жатқан кезеңмен тұспа-тұс келген.
Қолданушылар қаржы нарығындағы ахуал туралы материалдар жариялап, биліктің әрекетін сынға алған.
100-ден астам қор таратылған. Тергеу аясында ондаған компания иесі мен басшысы ұсталған.
Бұдан бөлек, билік нарыққа және инвесторлардың шешімдеріне әсер етуі мүмкін жалған немесе жаңылыстыратын ақпарат таратты деген күдікке ілінген аккаунттарды тексере бастаған.
Кімдердің аккаунты бұғатталды?
EngelliWeb қолжетімсіз болған аккаунттардың қатарында журналистер Хильми Хаджалоглу, Динчер Гөкче, Эрсин Эроглу және Джанан Каяны, сондай-ақ Kısa Dalga жаңалық басылымын атады.
Шектеулер Umut-Sen ұйымының тең құрылтайшысы Башаран Аксуға, саяси экономист Инан Мутлуға, оқытушы Барыш Өвгүнге және тәуелсіз ENAG тобының негізін қалаушы Вейсел Улусойға да қатысты.
«Мұның ұлттық қауіпсіздікке қандай қатысы барын түсінбеймін»
Журналист әрі шолушы Угур Гюрсес Bloomberg-ке X платформасынан сот шешімі туралы хабарлама алғанын айтты.
Алайда әзірге оның аккаунты қолжетімді болып тұр.
Оның сөзінше, бұған инвестициялық қорлар дағдарысына байланысты Мемлекеттік бақылау кеңесін әкімшілік тергеу жүргізуге шақырған жазбасы себеп болуы мүмкін.
– Мұның ұлттық қауіпсіздікке немесе қоғамдық тәртіпке қалай әсер ететінін түсінбеймін, – деді Гюрсес.
Ол болып жатқан жағдайды сөз бостандығын шектеу деп есептейді.
– Дағдарысты басқарудың орнына, олар осы мәселе туралы пікір айтқандарды тұншықтыруды таңдаған сияқты, – деді журналист.
X платформасы мен Түркия үкіметінің өкілдері әзірге пікір берген жоқ.