×
$
441.77
€
502.38
₽
5.23
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
441.77
€
502.38
₽
5.23

Тоқаев Қазақ-герман инвестиция-қаржы платформасын құруды ұсынды

Бүгін, 14:42
Тоқаев Қазақ-герман инвестиция-қаржы платформасын құруды ұсынды
Ақорда

Қазақстан Германия капиталын шикізат саласындағы ірі жобаларға, энергетикаға, цифрлық технологияларға және Alatau City жобасына тартуға мүдделі. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл бағыттарды Германияға ресми сапары кезінде неміс іскерлік қауымдастықтары мен қаржы институттарының басшыларымен талқылады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

– Мұндай платформа Еуропаның және Германияның капиталын Қазақстан тарапының қоса қаржыландыру, кепілдік беру және бірге тәуекел ету тетіктерімен ұштастырар еді. Ал «Бәйтерек» холдингі мақсатты жобаларды құрылымдау жағын қамтамасыз етеді. Біз елімізде жұмыс істеп жатқан халықаралық қаржы ұйымдарының қатарында экспортты кредиттеумен және инвестицияны сақтандырумен шұғылданатын германиялық институттар да болғанын қалаймыз. Бұл ретте Қазақстанда қызметін бастаған Euler Hermes компаниясымен ынтымақтастыққа айрықша маңыз артамыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің айтуынша, аса маңызды материалдар саласындағы ықпалдастыққа ерекше мән берген жөн. Қазақстан Германияның Шикізатпен қамтамасыз ету қорымен ынтымақтастықты жолға қоюға мүдделі. Сондай-ақ UFK кепілдігін беретін шарттарға сай және Германия өнеркәсібіне қажетті шикізат жеткізуге септігін тигізетін жобаларды ілгерілету де – еліміз үшін маңызды.

Бұдан бөлек, энергетика және өнеркәсіп секторын жаңғырту, соның ішінде жаңартылатын қуат көздері мен «жасыл» сутегі жобаларын дамыту аса өзекті. Еуропа инвестициялық банкі мен Қазақстан даму банкі Германия капиталының қатысуымен аталған салалардың бәрінде өзара тиімді ынтымақтастық құра алады.

Қазақстан мен Германияның цифрлық инновация және жасанды интеллект саласындағы серіктестігін жолға қою тағы бір басымдық ретінде аталды.

– Біз германиялық компанияларды өз әлеуетін деректер өңдеу орталығына, энергия тиімділігіне қатысты технологияларға, «бұлтты» инфрақұрылым» және киберқауіпсіздік салаларына жұмылдыруға шақырамыз. Тағы бір перспективті бағыт – қаржы технологиялары. Қазақстанда цифрлық қаржы экожүйесі жоғары деңгейде дамыған. Оның аясында әуелі ішкі нарыққа озық төлем жүйелері мен токенизация технологиясын ұсынып, кейін оны тұтас аймаққа таратуға болады, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, Қазақстан экономикасына неміс қаржы секторын кеңінен тартатын ынтымақтастықтың маңызды бағыты – Alatau City қаласы.

– Орталық Азиядағы алғашқы «ақылды қала» әуел бастан цифрлық дәуірдің барлық талаптарын сақтай отырып жобаланды. Ол неміс капиталы мен Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктерін тоғыстыратын көпір бола алады. Alatau City бүкіл Еуразиядағы таланттарды, технология мен бизнесті тартатын жаңа орталыққа айналатынына сенімдімін, – деді Президент.

Мемлекет басшысы сөзін қорыта келе, Қазақстан мен Германия жоғары деңгейдегі саяси диалогқа арқа сүйеп, қаржы, технология және инвестиция салаларында анағұрлым тиімді серіктестікті жолға қоя алатынына назар аударды. Басты мақсат – жай ғана капитал ағынын арттыру емес, жаңа салалар мен өсім бағыттарын бірге қалыптастыру. Президент Қазақстан тарапы алдағы уақытта да инвесторларға қолайлы әрі ережелері түсінікті ортаны қамтамасыз етіп, олардың құқықтарын қорғайтынын және стратегиялық маңызды жобаларға қолдау көрсете беретінін растады.