×
$
441.77
€
502.38
₽
5.23
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
441.77
€
502.38
₽
5.23

Бұл соғыста Ресей жеңіледі – Германия канцлері

Бүгін, 23:20
Бұл соғыста Ресей жеңіледі – Германия канцлері
Ulysmedia.kz коллажы

Германия канцлері Фридрих Мерц Берлинде Мәскеудің қазіргі уақытта Украинадағы соғысты аяқтау бойынша салмақты келіссөздерге дайын еместігін айтты. Бұл туралы ол Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен өткен бірлескен баспасөз мәслихатында мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

«Ресей салмақты келіссөздерге мүдделі емес»

Мерц Германияның келіссөзге жол табу үшін дипломатиялық әрекеттерді жалғастырып жатқанын жеткізді. Ол мысал ретінде жақында Нью-Йоркте Германия мен Ресей СІМ басшыларының кездескенін тілге тиек етті. 

– Осы кездесудің қорытындысы бойынша Ресейдің қазіргі уақытта салмақты келіссөздер жүргізуге мүдделі еместігі байқалды, – деді канцлер.

Ол Мәскеуді келіссөз үстеліне қайта оралуға тағы да шақырды.

Германия Украинаны қолдауды жалғастырады

Сонымен қатар Мерц Берлиннің Киевке әрі қарай да жәрдем беретінін қадап айтты. Оның сөзінше, бұл жерде тек әскери көмек қана емес, сонымен бірге саяси, қаржылай және экономикалық қолдау туралы сөз болып отыр. Канцлер Ресейдің «бұл соғыста жеңіске жетпейтінін» тағы бір мәрте қайталады. Ал АҚШ-та өтетін G20 саммитінде Владимир Путинмен кездесуі мүмкін бе деген сұраққа тура жауап беруден қашты.

Тоқаев: Соғысты бірден тоқтату мүмкін емес

Осы баспасөз мәслихатында Тоқаевқа да Ресейдің Украинаға қарсы соғысына қатысты ұстанымы жайлы сұрақ қойылды. Қазақстан Президенті бұған дейін әскери қимылдарды уақытша тоқтатып, артынан келіссөзге көшу нұсқасын ұсынғанын еске салды.

– Мен соғысты дереу тоқтату керек деп айтқан жоқпын. Қазіргі жағдайда мұның мүмкін емес екенін түсінемін. Мен дипломатиялық немесе басқа да келіссөздер процесіне өту үшін Украина аумағындағы әскери қимылдарды уақытша тоқтата тұру туралы айттым, – деді Тоқаев.

Президент Қазақстанның БҰҰ Жарғысының қағидаттарын берік ұстанатынын және мемлекеттердің аумақтық тұтастығын қолдайтынын атап өтті. Сонымен бірге Астананың Мәскеумен де, Киевпен де қарым-қатынасты сақтап қалуға ниетті екенін білдірді.

Германияға сапар

Еске салайық, Қазақстан президенті Қасым-жомарт Тоқаев Германияда ресми сапармен жүр.

Бұдан бұрын Қазақстан мен ГФР  президенттері шағын құрамда келіссөз жүргізді. Мемлекет басшысы Германияға сапармен келуге шақырып, қонақжайлық көрсеткені үшін Франк-Вальтер Штайнмайерге алғыс айтты. Қазақстан Президенті Германия еліміздің Еуропадағы басты стратегиялық серіктесі саналатынына, ал екіжақты ынтымақтастық өзара сенімге, құрметке және ортақ мүддеге негізделгеніне назар аударды.

Президент Франк-Вальтер Штайнмайер Қасым-Жомарт Тоқаевтың Астана мен Берлин арасындағы сан қырлы ынтымақтастықты кеңейтуге қосқан үлесін жоғары бағалайтынын жеткізді.

Сондай-ақ, сапар аясында Тоқаев Германияның іскер орта өкілдерімен бірқатар кездесу өткізді. Deutsche Bahn басшылығымен жолаушылар тасымалын және контейнерлік логистиканы дамыту мәселелері талқыланды. Rhenus Group компаниясымен Ақтау портында мультимодальды хаб салу және Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту жайы сөз болды. Ал Wilo Group-пен Алматы облысындағы сорғы жабдықтары өндірісін кеңейту мәселесі қарастырылды.