Қазақстанда тігілген киім-кешек пен аяқ киімді елдегі дүкен сөрелерінен көп кезіктіре бермейсің. Дегенмен отандық өнім жоқ дей алмаймыз. Ulysmedia.kz тілшісі отандық өндірісті қолдау шаралары жөніндегі брифингке келген шенеуніктерден гардеробында қазақстандық брендтердің қандай киімі барын және оларды қаншаға сатып алғанын сұрады.
Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Олжас Сапарбеков қазақстандық брендтердің өнімдерін сатып алатынын айтты. Алайда олардың бәрін бірдей Қазақстанда толық өндірілген тауар деуге болмайтынын да жасырмады.
– Қазір елімізде мақта-мата өндірісінің кластері дамып келеді. Бірақ аралас маталар мен жүн маталарын өндіруде қиындық бар. Өкінішке қарай, мұндай маталар әзірге өзімізде шығарылмайды. Сондықтан үстімдегі костюмді Қазақстанда толықтай өндірілген деп айтсам, сіздерді жаңылыстырған болар едім. Матасы шетелден әкелінгенімен, костюм Қазақстанда тігілген, – деді ол шалбары мен пиджагын көрсетіп.
Вице-министрдің айтуынша, үстіндегі өзге киімдерінің барлығы шетелдік өнім.
«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының басшысы отандық киім өндірушілердің өнімдерін көбірек тұтынатынын аңғартты.
– Еліміздің әр өңірінде сапалы киім шығаратын жақсы кәсіпорындар бар. Мысалы, Қызылордадағы Dalatex жейделерін, Қарағандыдағы Neyches Boots аяқ киімін, Көкшетаудағы ALBE аяқкиімдерін, сондай-ақ Adili галстуктерін атауға болады. Олардың өнімдерін ара-тұра сатып алып тұрамын. Сапасы шынымен жақсы, – деді квазимемлекеттік компанияның басшысы.
Алайда отандық өндірісті қолдауға арналған баспасөз мәслихатына ол қазақстандық өнімнен тек галстук тағып келген.
Шенеуніктерден қазақстандық киім-кешектің бағасын да сұрадық. Вице-министр костюмін 100 мың теңгеге жуық ақшаға сатып алған. Ал «Даму» қоры басшысының галстугі шамамен 40 мың теңге тұрады.
Екеуі де отандық аяқ киімді бір дүкеннен сатып алатыны белгілі болды. Табиғи былғарыдан тігілген бір жұп аяқ киімнің бағасы шамамен 60 мың теңге екен.
Отандық киім неге көпшілікке қолжетімді емес?
Вице-министр Сапарбеков отандық киім-кешекті тек жоғары лауазымды шенеуніктер емес, қарапайым азаматтар да сатып ала алуы үшін қандай жұмыс атқарылып жатқанын түсіндірді.
Оның айтуынша, қазір көптеген кәсіпорын мемлекеттік тапсырыспен жұмыс істейді. Алайда олардың басым бөлігі шетелден әкелінген маталарды пайдаланады. Жақында салаға қатысты заңнамаға өзгерістер енгізіліп, жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындарына қойылатын талаптар күшейтілген. Енді олар өндірісте жергілікті шикізатты көбірек пайдаланып, халықты жұмыспен қамтуға да міндеттеледі.
– Қарапайым тілмен айтқанда, киім тігетін кәсіпорындар отандық шикізатты барынша көп пайдалануға міндеттеме алады. Сонымен қатар жеңіл өнеркәсіп саласындағы кәсіпорындар әлеуметтік осал топтағы азаматтарды жұмыспен қамтуы керек. Бұдан бөлек, жұмысқа орналастыруға тиіс өзге де санаттағы азаматтар бар. Сондай-ақ кәсіпорындар экспортқа немесе жаппай тұтынуға арналған қосымша өнім түрлерін шығаруы қажет. Осы талаптарды орындаған жағдайда біз оларға қолдау көрсетіп, мемлекеттік сатып алу, квазимемлекеттік сектор мен жер қойнауын пайдаланушылардың тапсырыстары арқылы ұзақ мерзімді өткізу нарығын қамтамасыз етеміз, – деді Сапарбеков.
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі бұл талаптар жеңіл өнеркәсіптің өндіріс көлемі мен әлеуетін арттырады деп үміттенеді. Нәтижесінде отандық киім-кешек көбейіп, бағасы да, қолжетімділігі де көпшілікке тиімді болмақ.