Қазақстан мен Оман «Доңға» кен орнына қатысты дауды реттейтін келісімге қол қойды. Бұл келісім Қазақстан экономикасына, оның ішінде мұнай өндіру саласына қосымша инвестиция тартуға мүмкіндік бермек. Сонымен қатар Оманның Ормуз бұғазына жақын орналасуы Қазақстан үшін мұнай экспорты бағытында қосымша мүмкіндік береді. Бұл туралы Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Ulysmedia.kz тілшісіне берген сұхбатында айтты.
ҚАЗАҚСТАН МЕН ОМАН МҰНАЙЫ БӘСЕКЕЛЕС ЕМЕС
Министрдің айтуынша, Қазақстан мен Оманның мұнай өндіру және өткізу нарықтарының географиясы әртүрлі.
«Қазақстан мен Оманның мұнай өндіру және өткізу нарықтарын салыстыратын болсақ, олардың географиясы әртүрлі. Біздің негізгі өткізу нарықтарымыз – Еуропа, Жерорта теңізі және Солтүстік-Батыс Еуропа. Ал Оманның негізгі нарығы – Қиыр Шығыс бағыттары. Сондықтан біздің мұнайымыз бұл жерде бір-бірімен бәсекелеспейді. Бірақ әлемдегі қазіргі геосаяси ахуалды, әсіресе Ормуз бұғазындағы жағдайды ескерсек, бұл мұнай бағасының өсуіне әсер етеді. Әрине, Қазақстан бұдан қосымша пайда көреді, бұл сөзсіз», – деді Ерлан Ақкенженов.
ДОҢҒА ЖОБАСЫНДАҒЫ ҰЗАҚ ДАУ ШЕШІЛДІ
Энергетика министрі сапар аясындағы маңызды жаңалықтардың бірі ретінде «Доңға» мұнай кен орнына қатысты даудың реттелуін атады. Оның айтуынша, Қазақстан мен жоба арасында бұрыннан келе жатқан дауды шешуге бағытталған маңызды келісімге қол қойылған.
«Доңға» жобасының 60 пайызы «ҚазМұнайГазға» тиесілі, ал қалған үлесі «ОманОйл» және «Партекс» компанияларына тиесілі. Қол қойылған келісім 2013-2019 жылдар аралығында туындаған дауларды реттеуге мүмкіндік береді.
«Мен мұны өте үлкен жетістік деп есептеймін. Әсіресе бұл келісімнің Оман сұлтанының сапары қарсаңында жасалғаны маңызды. Бұл Қазақстан экономикасына, соның ішінде мұнай өндіру саласына инвестиция тартуға қосымша мүмкіндіктер ашады. Біз экономикалық әрі саяси әріптес ретінде кемелденгенімізді көрсетіп отырмыз. Сонымен қатар Қазақстан экономикасының шетелдік инвестицияларға ашық екенін және елдің ғана емес, өз инвесторларының да мүддесін қорғауға дайын екенін көрсетеміз», – деді министр.
ОМАННАН ЭНЕРГЕТИКАҒА ЖАҢА ИНВЕСТИЦИЯ КЕЛЕ МЕ?
Мемлекеттік сапар аясында Оман тарапынан энергетика саласына қатысты жаңа келісімдер немесе инвестициялық жобалар қарастырыла ма деген сұраққа Ақкенженов әзірге нақты келісім жоқ екенін айтты.
«Әзірге нақты мұндай келісім жоқ. Бірақ айтып өткенімдей, “ОманОйл” Қазақстандағы маңызды әрі еліміздегі ең ірі жобалардың бірі саналатын Доңға жобасына қатысып отыр», – деді ол.