Қазақстан Әскери-теңіз күштерінің бұрынғы бас қолбасшысы Қанат Ниязбеков Каспий теңізіндегі оқу-жаттығу кезінде 14 әскери қызметшінің қаза болуына байланысты іс бойынша қамауға алынды. Оған қызметіне салғырт қарады деген күдік келтіріліп отыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ІІМ не деді?
ІІМ-нің әскери-тергеу бөлімшесі Ниязбековті ұстап, уақытша ұстау изоляторына қамаған. Сот оның қамауға алынуына санкция берді. Тергеу жалғасып жатыр.
Ниязбеков – бұл іс бойынша қамауға алынған жоғары шенді офицерлердің алғашқысы. Бұған дейін ІІМ одан төмен шендегі бес әскери қызметшіні ұстаған. Олардың қатарында Әскери-теңіз күштері штабының бастығы Данияр Хайрушев, екі әскери бөлімнің командирі, теңіз жаяу әскерлері ротасының командирі және катер командирі бар.
3 қазанда Ниязбеков қызметінен босатылған еді. Енді ол қамауға алынғаны белгілі болды.
Контекст
Еске салайық, Каспийдегі қайғылы оқиға әскерде ауқымды кадрлық өзгерістерге себеп болды. Ниязбековпен бірге Бас штабтың бастығы Қаныш Әбубәкіров пен қорғаныс министрінің тыл жөніндегі орынбасары Алмаз Жұмақеев те қызметінен айырылды. Бұған дейін қорғаныс министрі Дәурен Қосанов қызметінен кеткен.
Тоқаев әскери қызметшілердің қаза болуын «генералдарды қоса алғанда, офицерлердің қылмыстық кәсіби біліксіздігінің» салдары деп атап, әскерді реформалау жоспарын әзірлеуді тапсырды.
Тергеу ауыр зардаптарға әкеп соққан қызметке салғырт қарау және кеме жүргізу ережелерін бұзу баптары бойынша жүргізіліп жатыр.