Ақтөбеде эпилепсиямен ауыратын 13 жастағы қыздың әкесі «Осполот» препаратын тұрақты түрде беруді сұрап отыр. Оның айтуынша, қат дәріні алу қиындаған. Дәрігерлердің өзі екі түрлі жауап беріп шатасқан, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Мән-жай
Баланың әкесі Бағдат Баймурзиннің айтуынша, қызы тоғыз айлығынан бері неврологтың есебінде тұр. Қазір 13 жаста. Ата-ана қызының ұстамалары түсірілген видеоны да жолдады. Кадрлардан қыздың қалшылдап, қырылдап, есінен айырылған сәтін көруге болады
Оның айтуына қарағанда, қызына бірнеше дәріні қолданып көрген. Кейінгі бір жарым жылда қабылдап жүрген «Осполот» қана жақсы әсер берген. Алайда биыл препаратты таппай, қызының жағдайы нашарлаған.
Отбасы препаратты емханадан ала алмаған соң, мәселені электронды өтініш арқылы көтерген. Алғашқы жауапта «Осполот» мемлекет тарапынан тегін берілетін дәрілердің қатарында жоқ деген ақпарат келген.
Кейін препараттың тегін дәрілер тізімінен шығарылмағаны түсіндірілген.
– Бізге басқа балама ем тағайындаған жоқ. Жағдайымыз қиын. «Осполотты» тоқтатпауды сұраймыз. (...) Невропатологтар “Осы дәрі сенің балаңа көмектеседі” деп беріп, енді неге соңына дейін жеткізбей, тоқтатып тастайды? Баламның өмірі ойыншық емес қой. Баламды қинамасын өйтіп. Бір дәріні бастап берді ме – соңына дейін соны берсін, – дейді Бағдат Баймурзин.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы не дейді?
Ақтөбе облысының денсаулық сақтау басқармасы мәліметінше, облыста мұндай дертпен жеті бала тіркеуде тұр. Осы балаларды қолда бар дәрімен қамтамасыз ету қарастырылған.
Денсаулық сақтау басқармасы алғашында препарат мемлекеттік тіркеуде жоқ дегенімен тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету тізімінен шығарылмағанын нақтылады.
Басқарма жауабында «Осполот» препараты (ХПА – сультиам) елімізде 2021 жылдан бері жекелеген аурулары бар азаматтарды амбулаториялық деңгейде тегін және жеңілдікпен қамтамасыз етуге арналған дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар тізіміне енгізілгені айтылған.
«Осполот» аталған тізімнен шығарылмаған. Препаратты тізімнен шығару туралы жеке бұйрық жоқ.
Мәселе препараттың тізімде болуында емес, оның Қазақстан аумағында қолданыстағы мемлекеттік тіркеуінің болмауында болып отыр.
– Бұл препараттың мемлекеттік тіркеуінің болмауы оның амбулаториялық деңгейде тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету Тізбесінен шығарылғанын білдірмейді. Балалар неврологтары пациенттердің емін үздіксіз жалғастыру мақсатында олардың клиникалық жағдайы мен жеке медициналық көрсетілімдерін ескере отырып, емдеу сызбаларын қайта қарап жатыр. Қажет болған жағдайда баламалы эпилепсияға қарсы дәрілік препараттарды таңдау жүргізіледі, – делінген ведомство жауабында.
Басқарма қажет болған жағдайда балаларға эпилепсияға қарсы баламалы препараттар таңдалады деп түсіндіргенімен, әкесі қызына әкесі балама ем ұсынылмағанын айтып отыр.
Ардақ Ерубаева