×
$
455
€
498.77
₽
5.56
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
455
€
498.77
₽
5.56

Шымкентте Шенген визасына құжат қабылдау орталығы ашылды

Бүгін, 12:30
Шымкентте Шенген визасына құжат қабылдау орталығы ашылды
Фото: ЖИ

Шымкент тұрғындары енді Францияның Шенген визасын рәсімдеу үшін Астана немесе Алматыға бармай-ақ, қажетті құжаттарын өз қаласында тапсыра алады. Қалада Франция визасына арналған құжаттарды қабылдау орталығы ашылды.

Толығырақ

Орталықтың ашылу салтанатына Шымкент әкімі Ғабит Сыздықбеков пен Франция Республикасының Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Сильван Гиоге қатысты. Іс-шараға Францияның Алматыдағы бас консулы Максим Жеренже және Францияның Шымкент қаласы мен Түркістан облысындағы құрметті консулы Игорь Копайлов та келді.

Бұл – Шымкенттегі Франция визасына құжат қабылдайтын алғашқы орталық. Енді қала тұрғындарымен қатар, оған жақын өңірлердің халқы да визалық құжаттарын осында тапсыра алады.

Орталық қала әкімдігі мен Францияның Қазақстандағы елшілігі арасындағы келісім нәтижесінде ашылды. Құжаттарды қабылдау жұмысын халықаралық визалық оператор VFS Global компаниясы ұйымдастырады. Сондай-ақ өтініш берушілердің биометриялық деректерін жинау үшін мобильді жабдықтар пайдаланылады.

Оңтүстік өңір тұрғындарына қолайлы мүмкіндік

Жаңа орталықтың ашылуы, әсіресе, Шымкент пен оған жақын орналасқан өңірлердің тұрғындары үшін тиімді болмақ. Бұған дейін Францияның Шенген визасын алу үшін құжаттарын Астана немесе Алматы қалаларына апарып тапсыруға тура келетін.

Енді бұл рәсімді Шымкенттің өзінде өткізуге мүмкіндік бар. Осылайша, тұрғындар жолға уақыт пен қаражат жұмсамай, құжаттарын жергілікті жерден тапсыра алады.

Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков орталықтың ашылуына қолдау көрсеткені үшін Франция елшілігіне және елші Сильван Гиогеге алғыс білдірді. Оның айтуынша, француз тарапымен ынтымақтастықты одан әрі дамыту іскерлік, мәдени және гуманитарлық байланыстарды нығайтуға жол ашады.

Қазақ-француз ынтымақтастығының нығаюы

Айта кетейік, өткен жылдың соңында Шымкент қаласында Францияның Құрметті консулдығы ресми түрде ашылған. Бұл бастама Шымкент қаласының әкімдігі мен Францияның Қазақстандағы елшілігі арасында 2025-2028 жылдары бірлескен жобаларды жүзеге асыруға бағытталған Ынтымақтастық жөніндегі жол картасы аясында іске асырылды. Сонымен қатар өңірге инвестиция жұмылдыруға, бірлескен жобаларды жүзеге асыруға және халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге ықпал етеді.

Консулдық сауда-экономикалық байланыстарға көмектесу, Қазақстандағы Франция азаматтарының құқығы мен мүддесін қорғауға қолдау көрсету, құжаттарды (паспорттар, визалар және т.б.) алуға байланысты көмек көрсету, француз тауарлары мен қызметтерін жергілікті нарықта ілгерілету, екі ел арасындағы экономикалық, ғылыми және сауда ынтымақтастығын дамыту, сондай-ақ, мәдени және білім беру іс-шараларын ұйымдастыруға қолдау көрсету бағыттары бойынша қызмет көрсетеді.

Францияның Шымкент қаласындағы Құрметті консулдығының ашылуы – өңірдің халықаралық серіктестікке ашықтығын айқын көрсететін, Шымкенттің жаһандық деңгейдегі беделін арттыруға ықпал ететін маңызды қадам.

Сізге қызық болуы мүмкін