×
$
453.93
€
508.72
₽
5.35
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
453.93
€
508.72
₽
5.35

Тергеуден кейін жұмысқа шықпаған: Ақмола облысында дәрігер өзіне қол жұмсады

Бүгін, 10:11
Тергеуден кейін жұмысқа шықпаған: Ақмола облысында дәрігер өзіне қол жұмсады
Ulysmedia.kz коллажы

Ақмола облысында Есіл аудандық ауруханасының 38 жастағы терапевті Екатерина Шлегельдің өліміне қатысты тергеу жүріп жатыр. Қайтыс болардан аз уақыт бұрын дәрігер Көкшетаудағы Экономикалық тергеп-тексеру департаментіне жауап алуға шақырылған. Ол қылмыстық іс бойынша куәгер болған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Оқиғаның мән-жайы

nayza_kokshe парақшасының мәліметінше, Екатерина Шлегель қайғылы оқиға қарсаңында Алматыдағы демалысынан оралып, кейін жауап беру үшін Көкшетауға барған.

Жарияланымда тергеу кезінде дәрігердің телефоны тәркіленгені айтылады. Үйіне оралған соң жақындары оның көңіл күйі түсіп жүргенін байқаған. Әйел анасының үй телефонынан әпкесіне хабарласып, кейін өз үйіне кеткен.

Келесі күні дәрігер жұмысқа шықпаған. Кейін оны әпкесі өлі күйінде тапқан. Дереккөздің мәліметінше, мәйітінің жанында анасына арналған хат болған.

Жауап алу кезінде нақты не болғаны және оның кейінгі қайғылы оқиғаға қандай да бір қатысы бар-жоғы туралы әзірге ресми ақпарат жарияланған жоқ.

Полиция тергеуді бастады

Ақмола облыстық полиция департаменті дәрігердің өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалғанын растады.

«Алдын ала мәлімет бойынша, Есіл ауданының 38 жастағы тұрғыны өзіне қол жұмсаған. Қазір соталды тергеу жалғасып жатыр. Оқиғаның себептері мен мән-жайы анықталып жатыр», – деп хабарлады полиция өкілдері.

Ведомство өзге мәліметтерді әзірге жарияламайтынын жеткізді. Бұған Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабында көзделген соталды тергеу деректерін жария етуге қатысты шектеулер негіз болып отыр.