АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Джули Стаффт Астанадағы мектептердің біріне барып, қазақ халқының салт-дәстүрімен танысты. Дипломат тұсаукесер рәсіміне қатысып, асық атып көрді. Сондай-ақ, қазақтың ұлттық тағамдарынан дәм татты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Сапар барысында Джули Стаффт оқушылармен, мұғалімдермен және ата-аналармен де кездесті.
Мектеп өкілдерінің айтуынша, елшінің сапары Ұстаздар күніне орай ұйымдастырылған Шығармашылық күнімен тұспа-тұс келген.
Кездесуде білім беру саласындағы ынтымақтастық пен жастарға арналған бағдарламалар туралы сөз болды.
«АҚШ елшілігі жастардың білім алуына, жан-жақты дамуына және жаңа мүмкіндіктерге жол ашуына көмектесетін білім беру бағдарламаларын қолдайды. Мұндай кездесулер оқушыларымыздың білімге деген қызығушылығын арттырып, оларды жаңа жетістіктерге ұмтылуға жігерлендіреді», – деп хабарлады мектеп өкілдері.
Америка елшісі бұған дейін де қазақ халқының салт-дәстүрі мен мәдениетіне қызығушылық танытқан.
Джули Стаффт отбасымен бірге домбыра сабағына қатысып, ұлттық аспапта ойнап көрген болатын.
Сондай-ақ, елші қазақстандық әнші Yenlik-пен бірге видео түсірді. Олар танымал «Meili» әнін бірге орындаған.
Джули Стаффт 2025 жылғы 7 қазанда АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі қызметіне ресми түрде кірісті.
Бұған дейін ол АҚШ-тың Ресей, Молдова, Джибути, Эфиопия және Польшадағы дипломатиялық өкілдіктерінде жұмыс істеген. Сондай-ақ, АҚШ Мемлекеттік департаменті мен Ұлттық қауіпсіздік кеңесінде түрлі қызмет атқарған.