×
$
454.98
€
509.53
₽
5.37
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
454.98
€
509.53
₽
5.37

«Жауапкершілігі мол әріптес»: Тілеуберді Оманның Қазақстан үшін маңызын айтты

Бүгін, 14:45
«Жауапкершілігі мол әріптес»: Тілеуберді Оманның Қазақстан үшін маңызын айтты

Оман сұлтаны Хайсам бен Тариқ Әл Саидтің Қазақстанға сапары екі ел арасындағы саяси диалогты жаңа деңгейге шығармақ. Бұл туралы Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Ulysmedia.kz тілшісіне берген сұхбатында мәлімдеді.

Тарихи сапар

Сыртқы істер министрі Оман сұлтанының елімізге келуін тарихи оқиға деп бағалады.

«Ең біріншіден, Оман сұлтанының бұл сапары тарихи сапар деп есептеледі. Өйткені тарихымызда бірінші рет сұлтан өзі 2006 жылы мәдениет министрі болған кезде Астанаға келіп кеткен. Сондықтан да біздің елімізді жақсы біледі, таниды», – дейді Мұхтар Тілеуберді.

Оның айтуынша, соңғы жылдары Қазақстан мен Оман арасындағы саяси диалог та белсенді дами бастаған. Былтыр екі елдің сыртқы істер және энергетика министрлері Қазақстанға сапар жасаса, биыл сәуірде Оман тарапынан ханзадалар мен премьер-министрдің орынбасары деңгейінде өкілдер келген. Енді бұл үдеріс сұлтанның сапарымен жалғасып отыр.

Оман Қазақстан үшін несімен маңызды?

Мұхтар Тілеубердінің айтуынша, Парсы шығанағындағы елдердің арасында Оманның Қазақстан үшін орны бөлек.

«Парсы шығанағындағы елдерінің арасында Оман біз үшін өте маңызды. Жауапкершілігі мол әріптес. Ең біріншіден сыртқы саясатта олар Қазақстан сияқты барлық мәселелерді тек қана келіссөзбен шешуге тырысады. Оларда медиация дамыған. Иран мен АҚШ арасында келіссөздерге өз үлестерін қосуда», – деді министр.

Үкіметаралық комиссияның деңгейі көтеріледі

Сапар барысында экономикалық ынтымақтастықты дамыту мәселесі де талқыланады. Қазір екі ел арасында үкіметаралық комиссия жұмыс істеп жатыр. Комиссияға әзірге министр орынбасарлары деңгейінде тең төрағалық жасалады.

Мұхтар Тілеубердінің айтуынша, Қазақстан бұл комиссияның жұмысын жаңа деңгейге көтеруді жоспарлап отыр.

«Қазір тең төрағалық министрлер орынбасарлары деңгейінде. Оны біз қазір министр деңгейіне көтермекшіміз», – деді ол.

Бұдан бөлек, Астанада бизнес форум өткізу жоспарланған. Оның аясында екі елдің кәсіпкерлері арасындағы байланысты жүйелі түрде дамыту үшін бизнес кеңесін іске қосу көзделіп отыр.

Министрдің айтуынша, форум барысында Қазақстан мен Оман бизнес өкілдерінің қай бағыттарда бірлесіп жұмыс істеуге мүдделі екені анықталады.

«Бұл бизнес форум барысында бизнес кеңес дегенді жұмысқа енгізбекшіміз. Талқылау барысында екі жақтың бизнес өкілдері қай бағытта жұмыс істеуге мүдделерімізді анықтайды», – деді Мұхтар Тілеуберді.