×
$
453.93
€
508.72
₽
5.35
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
453.93
€
508.72
₽
5.35

Кенесары ханды қорлаған қырғызстандық студенттерге қатысты қылмыстық іс қозғалды

Бүгін, 15:05
Кенесары ханды қорлаған қырғызстандық студенттерге қатысты қылмыстық іс қозғалды
ашық дереккөз

Қазақстанда қырғызстандық екі студенттің Кенесары хан туралы айтқан сөзіне байланысты қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы бұған дейін құқық қорғау органдарына қыздардың сөздеріне «құқықтық баға беруді» талап етіп, өтініш жолдаған адвокат Мейірман Шекеев мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мән-жай

Шекеевтің айтуынша, бұл дерек бойынша қылмыстық іс тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу басталған.

– Ұлттық болмысымызға, мүддемізге, болмаса ата-бабамыздың рухына да тиісу намысымызға тиетінін ескерткім келеді. Кенесары болсын, басқа ата-бабамыздың ұрпақтары бүгінгі таңда да өмір сүріп жатыр, – деді адвокат.

Сонымен қатар ол бұл жағдайға бола тұтас халықты кінәламауға шақырды.

– Жаман ұлт болмайды, жаман адам болады, – деді ол.

Контекст

Қыркүйектің ортасында интернетте Астанада алмасу бағдарламасы бойынша білім алған Бішкектегі екі студенттің онлайн эфир кезінде Кенесары хан туралы қорлайтын сөздер айтқан видеосы тарады. Олардың бірі Қырғызстанда «оның бас сүйегінен шарап ішеді» деген мазмұнда мәлімдеме жасаған.

Видео Қазақстан мен Қырғызстанның әлеуметтік желілерінде кеңінен тарап, екі елде де наразылық туғызды. Эфирге қатысқан басқа адамдар қыздардың сөздерін бірден сынап, видеоны Қырғызстанның елшілігіне жіберетіндерін айтты.

Сол күні студенттер видеоүндеу жариялап, кешірім сұрады. Олар шектен шыққанын мойындап, Қазақстан азаматтары мен қырғыз халқынан кешірім өтінді.

Қыздардың айтуынша, блогер оларға арандатушылық сипаттағы сұрақтар қойған. Алайда олар бұл жағдайды өз сөздерін ақтау үшін пайдаланбаған.